Алматы малайзиялық әуе компаниясының Орталық Азиядағы хабына айналады

Фото: AirAsia X
Фото: AirAsia X
Қалалық туризм басқармасы мен AirAsia X ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Малайзиялық AirAsia X әуе компаниясы Қазақстанның оңтүстік астанасы – Алматы қаласын өзінің Орталық Азиядағы әуе хабына айналдыруды жоспарлап отыр. Алматы – Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің жолаушылары үшін Қазақстанның өзге қалаларына, Орталық Азия елдеріне және одан әрі Еуропаға саяхаттау үшін өте тиімді де қолайлы орталық. Бұл туралы Алматы мен Куала-Лумпур қалалары арасында алғашқы әуе рейсінің қосылғанына 1 жыл толуына орай өткен шара аясында AirAsia X бас директоры Бенямин Исмаил мәлім етті. 

Сондай-ақ, әуе компаниясының басшылығы қазақстандық тараптың Астана, Ақтау сынды бағыттарда да әуе рейстерін ашу туралы ұсынысын оң қабылдап, оның алдағы уақытта қарастырылатынын айтты. 

"Алматы мен Куала-Лумпур арасындағы рейстердің көбеюі – сұраныстың жоғары екенін және Алматының CNN мен Lonely Planet тарапынан "міндетті түрде бару керек бағыт" ретінде мойындалғанын көрсетеді. Өткен жылдан бері 100 мыңнан астам жолаушыны тасымалдадық, бұл бағыттың туризм мен сауда үшін маңызды нарық екенін дәлелдейді", – деді ол. 


Оқи отырыңыз: Малайзия елшісі: Біздің ел мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор


Бенямин Исмаилдің сөзінше, 2025 жылы ASEAN төрағалығын қабылдай отырып, Малайзия өңірлік даму мен байланысты ілгерілетуде жетекші рөл атқаруға қабілетті ел екенін көрсетті. Қазақстанмен нығайтылған бұл серіктестік екі елдің өзара экономикалық дамуын қолдап қана қоймай, сондай-ақ Орталық Азиядағы дамып келе жатқан нарықтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Фото: Air Asia X

"Куала-Лумпурдағы Fly-Thru байланысы арқылы Алматыдан ұшатын жолаушылар енді 130-дан астам бағытқа, соның ішінде Пенанг, Лангкави, Кучинг, Бали және Бангкок сияқты ASEAN аймағындағы танымал демалыс орындарына оңай жете алады. Дәл сол сияқты, ASEAN елдерінен келетін жолаушылар да Куала-Лумпурда қысқа аялдамамен Орталық Азияның "Швейцариясы" саналатын Алматыға ыңғайлы түрде ұша алады", – деп қосты малайзиялық әуе компаниясының басшысы. 

Меморандумға Қазақстан тарапынан қол қойған Алматы туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова бұл келісім Алматыны Оңтүстік-Шығыс Азия туристері үшін тартымды бағыт ретінде таныстыру жолындағы маңызды қадам  екенін атап өтті. 

"Бұл серіктестік мәдени алмасуға, туризмнің дамуына және халықтар арасындағы байланысты тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Малайзия, Сингапур және Индонезия тарапынан саяхатқа деген сұраныстың артуына байланысты біз Алматының табиғи сұлулығы, бай мәдени мұрасы және қонақжайлығын тамашалауға келетін туристерді асыға күтеміз", – деді ол. 


Оқи отырыңыз: Малайзияға саяxат. Нені ескеру қажет? Қанша қаржы кетеді?


"Қазақстан мен Малайзия арасындағы тікелей әуе қатынасының үнемі кеңейіп отыруы – екі ел туризміне үлкен серпін береді. AAX компаниясының бұл бағыттағы кеңеюі – Қазақстанның тек Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлемде тартымды бағытқа айналып келе жатқанын дәлелдейді. Біз саяхатты қолжетімді етуге бағытталған бастамаларды қолдауға дайынбыз, ал бұл әуе бағыты Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азияның қарқынды дамып жатқан нарықтары арасындағы сенімді көпірге айналды. Біз әртүрлілігі мен өзіндік ерекшелігі мол Қазақстанды ашуға келетін туристер санын арттыруды асыға күтеміз», – деді Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарушы директоры Шырын Мусина.

AirAsia X Алматы мен Куала-Лумпур арасында әуе байланысының іске қосылуына бір жыл толуына орай, барлық рейстерге 25 пайыздық жеңілдік жариялады. Билетті 27 сәуірге дейін сатып алуға болады, ал сапарға 2025 жылғы 28 сәуір мен 30 қараша аралығында шыға алады. 

"Енді жолаушылар Алматыдан Куала-Лумпурға тікелей ұшып, әрі қарай Кота-Кинабалу, Кучинг, Лангкави, Манила, Бали, Да Нанг, Краби, Сидней және басқа да қызықты бағыттарға тиімді бағамен қатынай алады", – делінген компанияның ресми хабарламасында. 

Еске салайық, AirAsia X әуе компаниясы Алматы мен Куала-Лумпур арасындағы тікелей әуе бағытын іске қосқанына бір жыл толды. Алғашқы рейс 2024 жылғы 14 наурызда жасалған еді. Сұраныстың жоғары болуына байланысты компания рейстер жиілігін аптасына бес мәртеге дейін арттырды. Бұл алдағы кварталда жолаушылар орны санын 77 мыңға жеткізеді. Компания мәліметінше, рейстердің жолаушымен толу бойынша орташа көрсеткіші 90 пайызға тең. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары