Алматы маңында үндістандық студенттер мінген көлік апатқа ұшырады: қылмыстық іс қозғалды

Видео скрині
Видео скрині
Toyota Alphard аударылып, үш жолаушы қаза болды.

Алматы облысында адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты полиция растады.

Қайғылы оқиға 6 қаңтар күні "Алматы – Бішкек" автожолының 86-шақырымында болған. Апат салдарынан үш адам қаза тауып, тағы үш адам жарақат алды.

Полиция департаментінің мәліметінше, Toyota Alphard маркалы автокөлікті басқарған 33 жастағы жүргізуші көлікті тізгіндеуден айырылып, жол жиегіне аударылып кеткен. Жүргізуші алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Кейіннен тағы екі жолаушы медициналық мекемеде қайтыс болды, ал үш адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Қазақстандағы Үндістан елшілігі апатқа ұшыраған көлікте бес Үндістан азаматы болғанын хабарлады. Олардың төртеуі — Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері, ал біреуі — Үндістаннан келген турист.

Үндістан елшілігі қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Серіктестер жаңалықтары