Тікелей эфир

Малайзияға саяxат. Нені ескеру қажет? Қанша қаржы кетеді?

Фото автордыкі
Фото автордыкі
Еңбек демалысын алып, ел аралауды жоспарлап жүргем. Айналасы бір айдың ішінде Куала-Лумпурда қыстау туралы шешім шығарып, тартып тұрдым.

Малайзия – туристік тартымдылығы жөнінде әлемдік бестікке кіретін аса танымал мемлекет. Бұл жаққа жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған туристер ағылады. Мұның себебі – саяхаттау құны көптеген мемлекеттермен салыстырғанда арзан. Әйгілі егіз мұнарасы бар, айналасы архипелаг.

Оның үстіне, жыл он екі ай – жаз. Жыл бойы құлша жұмыс істегеннің ханша демалуына жағдай жасап қойған ел. Малайзияны таңдауға тағы бір себеп – арзан тілдік курстары болды. Ағылшын тілін үйрену аса өзекті уақытта, тілдік курс оқуды бастай алмай жүргендерге әрі саяхаттауды жаны сүйетін жандарға пайдалы болар деген ниетпен Малайзия сапары туралы жазба ұсынуды жөн көрдім.

Малай еліне барып-қайту еш қиындық тудырмайды

Алматы қаласынан тікелей қатынайтын AirAstana-ның әуе көліктері бар. Барып-қайту бағасы қымбат демесеңіз, (орта есеппен 350 мың теңге) сегіз сағатта діттеген жеріңізге дәл жеткізеді. Оның үстіне демеушіңіз болса, яки ата-анаңыз қаржылай көмек көрсетіп жатса, еш ойланбастан (бірақ шамамен бір ай бұрын) тура баратын жолды таңдай беруіңізге болады. Еліміздің өзге өңірлерінің саяхатшылары да көбіне осы Алматы арқылы жол жүріп жатады.

Алайда, біз бұдан да арзан билет іздедік. Әуе компанияларының баға нарығын сараптай келе, таптық. Әжептәуір арзан. Ол үшін Өзбекстанның астанасы Ташкент арқылы транзитпен өтуге тура келді.


Ташкенттегі Әмір Темір ескерткіші

Ташкенттегі Әмір Темір ескерткіші / Cурет автордыкі


Бұл қаладан Куала-Лумпурға ұшақ аптасына үш рет қатынайды. Барып-қайту бағасы 190 мыңнан басталады. Күздің қоңыр салқыны түспей тұрып жол жүргендіктен, оның үстіне, Ташкентке визасыз кіру мүмкіндігі бар екенін білгенімізден транзиттің ұзақтауын таңдадық. Сөйтіп, жұма күні жүретін әуе кемесінің кестесіне сәйкес, таңнан кешке дейін Ташкентті аралауға мүмкіндік туды.


Даңқ алаңы

Ташкентті бір күн араладық. Даңқ алаңы / Сурет автордыкі


Түртіп алыңыз: арзан билет алу үшін, мейлінше ертерек қамданғаныңыз жөн. Екі есеге жақын үнемдейсіз.

Төрт ай турист бола аласыз. Қалай?

Кез келген Қазақстан азаматы Малайзияға бір айға визасыз кіре алады (бір қызығы, Өзбекстан азаматтары үшін үш ай). Ол елге бір айға кіріп-шығу үшін тек паспорт қажет. Екі ел арасындағы мұндай мүмкіндікті біздің жастар ұтымды пайдалануда: саяхаттап жүргендер, ол жақтың тұрмыс-тіршілігін, ЖОО-дарын зерттеуге барғандар және т.с.с. Бұған сол елге сапарымыз барысында әбден көзіміз жетті. Әу бастағы мақсатымыз саяхат + тілдік курс болғандықтан, бір айдан артық уақытқа қалудың жолын қарастырдық.

Жалпы, визаның бірнеше түрі бар. Бізге жарайтыны – оқу визасы немесе туристік виза. Малайзия еліндегі базалық тіл оқу курстары шамамен 5-6 айға жоспарланады. Ол үшін Нұр-сұлтандағы Малайзия елшілігіне қажет құжаттарды тапсырып (оның ішінде тіл оқыту орталығынан шақырту), алты айға виза рәсімдей аласыз. Бұл визаның бағасы қымбаттау.

Ал туристік визаны біздің тәжірибемізде кем дегенде төрт айға созуға болады. Ол үшін Нұр-сұлтандағы Малайзия елшілігіне хабарласып, аталмыш елге бір айдан ұзақ уақытқа турист (!) ретінде барғыңыз келетінін айтасыз.

Сізге қажет құжаттардың тізімін береді:

  • Паспорт;
  • Өтініш;
  • Барып-қайту билетінің көшірмесі;
  • Сақтандыру;
  • Ол жақтағы туысыңыз немесе досыңыздан шақырту (ол болмаған жағдайда, қонақ үйге тіркеліп (бронь) қойғаныңызды растайтын құжат).

Бағасы – 10 доллар. Бұл мекеме сіздің паспортқа "визаны созуға болады" деген белгі қойып береді.


Визаны созуға болатынын растайтын белгі осы

Визаны созуға болатынын растайтын белгі осы / Сурет автордыкі


Әрі қарайғы іс Малайзия елінде жалғасады

Біздің тәжірибеде былай болды: тексерушілер билетіміздің бір айдан көп уақытқа алынғанын көріп, иммиграция бөліміне бағыттады. Онда бірнеше сауалдар қойып, қалтамызда саяхаттауға жететін қаражат бар-жоғын тексеріп, екі айға тегін созып берді. Бір жарым айдан кейін иммиграция бөліміне қайта барып, саяхатымыз біте қоймағанын түсіндіріп едік, 50 рингитке (4500 теңге) тағы екі айға созды. Бірақ, бұл жолы енді созуға болмайды деген белгісін қоса қойып берді. Иммиграция бөліміне өтініш айта барғанда ағылшын тілін жақсы білу үлкен артықшылық болады.

Түртіп алыңыз: еліміздің ірі қалаларының бәрінде Малайзияға аттандыру ісімен айналысатын орталықтар бар, тіпті көп. Алғашқыда біз де Алматыдағы сондай компаниялардың көмегіне жүгінуді ұйғарғанбыз. Алайда, қосымша ізденіп, елшілікке өзіміз хабарласып, шаруаның аса қиын еместігін білген соң, олардың қызметінен бас тарттық. Сәйкесінше, 80 мың теңге үнемделді. Малайзияда да виза мәселесін реттеуге көмектескісі келетін қазақтар табылады. Ағылшын тіліне жетік болсаңыз, мұндай көмек-қызметтерден бас тартыңыз, бұл іс өз қолыңыздан да келеді.

Қайда тұрамыз?

Малайзияға бір айға дейінгі уақытқа саяхаттап баратын туристердің басым бөлігі қонақ үйлер мен хостелдерге тұрақтайды. Куала-Лумпурдағы хостелдердің күндігі үш мың теңгеден бастап қымбаттай береді (қонақ үйлер шамамен 12 мыңнан басталады). Ал Малай елінің маңайында жатқан аралдарда баға бұдан да арзан.


Біздің пәтердің терезесінен қарағандағы көрініс

Біздің пәтердің терезесінен қарағандағы көрініс / Сурет автордыкі


Куала-Лумпурға екі-үш ай тілдік курс оқуға әрі саяхаттауға баратындар пәтер, яки пәтердің бір бөлмесін жалдайды. Мұндағы баға қаланың орталығына жақындаған сайын қымбаттай түседі. Атақты егіз мұнара тұрған орталықтан төрт-бес аялдама қашық аудандағы пәтерлердің бөлмесі бір айға 80-90 мың теңге болса, жеті-сегіз аялдама болатын жердегі пәтерлердің бөлмесі 40-50 мың теңге.

Пәтер табу аса қиын емес, арнайы агенттердің көмегіне жүгінуге тура келеді. Оларды сондағы делдал қазақтар оңай-ақ тауып береді.

Түртіп алыңыз: алдын-ала әлеуметтік желілер арқылы агенттермен байланысып, пәтердің суретін көріп, таңдап қойғаныңыз абзал.

Тоқ жүресіз, уайымдамаңыз

Малайзия мұсылман елі болғандықтан, ондағы тағамдардың көбі халал. Бұған қоса, туризмнен қомақты табыс тауып отырған бұл мемлекетте барлық елдің асханасы бар. Бізге көбіне өзбек, түрік, араб тағамдары жақын болды. Тіпті, "Астана" дейтін (қазір Нұр-сұлтан шығар) қазақ дәмханасын да көрдік.


Шымкенттегі Көксарайдың палауы Куала-Лумпурда да бар.

Шымкенттегі Көксарайдың палауы Куала-Лумпурда да бар. / Сурет автордыкі


Оның үстіне, бұл елде жыл он екі ай – жаз мезгілі. Жеміс-жидек, көкөністердің көптігі соншалық, тоқ жүресің. Қазақтың қазы-қартасын сағынам демесеңіз, басқа дәмді тағамдардың барлығын табуға болады.


Шөліңді қандыратын әрі тоғыңды басатын жеміс – кокос

Шөліңді қандыратын әрі тоғыңды басатын жеміс – кокос / Сурет автордыкі


Түртіп алыңыз: Куала-Лумпурдың көк базарында жеміс-жидек, көкөністердің бізге таңсық түрі көп, тіпті, түр-түсі мен санынан жаңыласың. Сол үшін жеміс сатып алмас бұрын, ғаламтордан оның не екенін, жейтін тәртібін біліп алғаныңыз дұрыс.

Тілдік курс: делдалға шығындалмаңыз

Куала-Лумпурда ағылшын тілін оқытатын орталықтар өте көп. Бағасы да әртүрлі. Малайзияға барып, ағылшын тілін үйренгісі келетін кез келген адам алдымен Google-ден, содан соң, Facebook, Instagram сынды әлеуметтік желілерден мәлімет іздейді. Іздеу жүйесі көбіне біздің елдегі делдал орталықтардың тізімін ұсынады.

Алматыдағы мұндай орталықтардың басым бөлігі Малайзиядағы білім беретін курстардың ішкі асханасы, оқыту жүйесімен таныс емес. Әр жіберген студенті үшін өз пайызын көріп, басқа да құжаттарды реттеуге көмектескені үшін ақша алудан әріге аспайды. Сондықтан, Малай еліндегі білім беру сапасына жауапты да емес.

Қазақстандағы орталықтар арқылы оқуға барған қаншама студенттің білім сапасына көңілі толмай жүргенін көзбен көрдік. Сол үшін біздің елдегі делдал орталықтардың көмегіне жүгінбеуге кеңес беремін.

Не істемек керек?!

Билет, виза, тұратын жеріңіздің мәселесін шешіп алғаннан кейін, сөмкеңізді жинап, "Қайдасың, Малайзия!" деп, сол елді бетке алыңыз. Жаңағыдай орталықтарға барып, кеңес алып, я болмаса, ғаламтор, әлеуметтік желілер арқылы Куала-Лумпурдағы тіл үйрету орталықтарының тізімін алдын ала жасап алған абзал. Аман-есен жетіп, пәтеріңізге орналасып, атақты егіз мұнараны көріп, көзайым болып, суретке түсіп алғаннан кейін өз бетіңізше жаңағы тізімдегі курстарды аралап шығыңыз.

Біріншіден, ол жақтағы орталықтардың барлығында дерлік қазақ, қырғыз, орыс кеңесшілер жұмыс істейді. Олар сізге қазақ немесе орыс тілінде толық мәлімет бере алады.

Екіншіден, курстардың көбі бір күндік тегін сабақ ұсынады. Онда мұғалімнің дәріс беру тәсілімен таныса аласыз. Содан соң, бағасын бағамдап, тіл үйрету тәсілі ұнаған орталықтың ақысын төлеуге болады.

Ескеретін екі жайт бар: Малайзияға АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия сынды өзге мемлекеттен келген мұғалімдердің тілдік курсына жазылыңыз. Нағыз сапаға жұмыс істейтін ұстаздар – осылар. Жергілікті малайлар сабақ беретін орталықтар да көп және олар 15-20 мың теңгеге арзандау келеді. Мұндай курстар арзан болғандықтан, олар көбірек ақша табу үшін студенттердің санына жұмыс істейді. Бұл – бір.

Екіншіден, бір топта оқитын студенттердің санына аса мән беріңіз. Бір сыныпта 4-5 студенттен бастап, 20-22 оқушыға дейін оқытатын орталықтар бар. Студент неғұрлым аз болса, сізге бөлінетін уақыт та соғұрлым көбейе береді. Сонымен қатар, қазақ студенттері аз орталықты таңдаңыз. Бұл сіздің ағылшын тілінде көбірек тіл қатысуыңызға мүмкіндік береді.

Тілдік курс оқытатын мектептердің дені бір орталыққа шоғырланған


Тілдік курс оқытатын мектептердің дені бір орталыққа шоғырланған

Мәселен, мына ғимараттарда ағылшын үйрететін орталықтар көп / Сурет автордыкі


Түртіп алыңыз: Тіл оқыту орталығымен міндетті түрде келісімшартқа отырыңыз. Курс тарапынан мұндай құжат ұсынылмаса, ақша төлемей тұрып талап етіңіз! Келісімде бір топта қанша студент оқитыны, мұғалім кім болатыны, шарт орындалмаған жағдайда ақша қайтарылатыны туралы мәлімет болуы қажет, мұқият тексеріп алыңыз!

P.S. Малайзияға баруды жоспарлап жүрсеңіз, сондағы немесе сол елге барып-келген адамдардан сұрап-біліңіз. Соның пайдасы көбірек. Келесіде малай елінің туристік тартымды жерлері мен сол елде саяхаттаудың жолдары, бағалары жайында жазамын.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары