USD: 472.3 / 475.3
  • EUR: 540.5 / 545.5
  • RUB: 5.63 / 5.75
Тікелей эфир
Алматы +31C
Все города

Алматы көшелерінде самокат азайды: 2,5 мыңнан астам адам жауапқа тартылды

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
25 тамыздан бастап самокатпен тротуарда жүруге тыйым салынады.

Алматы көшелерінде электросамокаттар саны азайған. Бұл туралы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов мәслихат отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа талаптар қаладағы тәртіпті біршама жақсартқан.

"Өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар, қазір самокаттар әлдеқайда азайды. Екі ай бұрын тротуармен жүрудің өзі қиын еді. Мен де алматылық ретінде соны күнде көрдім. Қазір жағдай біршама реттелді. Әрине, толық шешілді деуге әлі ерте", – деді Ғалым Сарғұлов.

Қазақстанда 1 шілдеден бастап электросамокаттарды пайдаланудың жаңа ережелері енгізілді. Енді жалға берілетін әрбір самокатқа тіркеу нөмірі тағылған. Соның арқасында бейнебақылау камералары жол қозғалысы ережесін бұзған самокаттарды анықтап, иесін немесе пайдаланушысын белгілей алады. Сонымен қатар, 25 тамыздан бастап жалға берілетін электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.

Полиция өкілінің айтуынша, қаладағы өзекті мәселелердің бірі – самокаттардың ретсіз қойылуы. Қазір Алматыда шамамен 1200 арнайы тұрақ орны бар. Белгіленбеген жерге қалдырылған самокаттар күн сайын жиналып, айып тұрағына жеткізіледі. Сондай-ақ мұндай заңбұзушылықтар үшін прокат компанияларын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы ("Абаттандыру қағидаларын бұзу") бойынша жауапкершілікке тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Ғалым Сарғұловтың сөзінше, жаңа заң толық күшіне енгеннен кейін тротуарлардағы тәртіп одан әрі күшейеді. Бұл үшін әкімдікпен және "Сергек" жүйесімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол электровелосипедтерге қатысты да бақылау күшейетінін айтты. Қазіргі уақытта оларды мопед санатына жатқызу және тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Полицияның мәліметінше, 1 шілдеден бері:

  • айып тұрағына 3 мыңнан астам самокат жеткізілді;
  • 2,5 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәслихат отырысында Алматыдағы жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңартылған қағидалары да таныстырылды. Құжатта алғаш рет самокаттар мен мопедтер сияқты жеке мобильділік құралдарын орналастыру және пайдалану тәртібі кешенді түрде реттелген. Сонымен қатар бизнеске арналған тұрақ орындарын келісімшарт негізінде ұйымдастыру және тұрғындардың жеке көліктерін арнайы орындарға тегін қою құқығы қарастырылған.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау