Алматы-Бішкек тасжолында есірткі тасымалдауы мүмкін деген күдікпен көлік тоқтатылып, одан шамамен 2 келі психотроптық зат тәркіленді. Көлікте болған әйел күдікті ретінде ұсталды, деп хабарлайды Алматы қаласы Полиция департаменті.
Алматы қаласы ПД Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Наурызбай аудандық полиция басқармасының полицейлерімен бірлесіп, жедел ақпарат негізінде көлікті тоқтатқан. Тінту кезінде жолаушы орындығының астынан ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше вакуумдық пакет табылған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, тәркіленген зат – мефедрон. Оның жалпы салмағы шамамен 2 келі болған. Ведомство бұл ірі көлемдегі партия екенін атап өтті. Тергеу барысында әйелдің Telegram-арна арқылы "жұмыс" тапқаны анықталған. Оның міндеті есірткі заттарын тасымалдап, кейін оларды жасырын орындарға қалдыру болған.
Оқи отырыңыз: Азаматтарға "жоғары жалақы" ұсынып, есірткі бизнесіне тартқан халықаралық желі ұсталды
"Тексеру барысында оның көрсетілген тапсырмаларды орындағаны үшін криптовалюта түрінде ақы алып отырғаны анықталды. Тәркіленген заттың нақты түрі мен салмағын анықтау үшін сараптамаға жіберілді", – делінген полиция хабарламасында.