Алматы айналма темір жолы жүк және жолаушы тасымалының әлеуетін қалай арттырады

Фото: АИИБ баспасөз қызметі
Фото: АИИБ баспасөз қызметі
Бұл – Қазақстанның теміржол жүйесіндегі соңғы жылдардағы ең маңызды жобалардың бірі.

Қазақстан жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, тиімді логистиканы дамытуға және климатқа төзімді инфрақұрылым қалыптастыруға инвестиция сала отырып, көлік инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғыртуды жалғастырып келеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) осы күн тәртібін қолдап, соңғы екі жылда бұл салада бірқатар ірі жобаларды мақұлдады. 

Informburo.kz АИИБ-нің инвестициялық тобының басшысы (мемлекеттік сектор, 2-аймақ) Константин Лимитовскиймен Алматы айналма темір жолының перспективасы және өзге де көлік-жол жобалары туралы сұхбаттасты.

– Қазақстан Орталық Азиядағы АИИБ-нің ең белсенді мүшелерінің бірі болып саналады. Банктің елдегі басымдықтарын қалай сипаттар едіңіз?

– Қазақстан – АИИБ-нің құрылтайшы мемлекеті әрі өңірдегі Банктің негізгі серіктестерінің бірі. Бүгінгі таңда АИИБ Қазақстанда көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында жалпы сомасы 2,64 млрд АҚШ долларынан асатын 8 жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Аталған жобалардың шамамен жартысы соңғы екі жылда бекітілгені біздің ынтымақтастығымыздың тереңдей түскенін көрсетеді.

Қазақстандағы басымдықтарымыз инфрақұрылымның орнықтылығын арттыруға және көлік байланысын нығайтуға бағытталған. Қазіргі таңда көлік саласы бұл өзара серіктестіктің негізгі өзегіне айналып отыр. Қазақстан аумағы арқылы Батыс Еуропа – Шығыс Қытай бағыты бойынша бірнеше маңызды халықаралық маршрут өтеді және қиылысады, олардың ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізі, яғни Орта дәліз де бар.

Бұл бағыт мемлекет жүргізіп отырған стратегиямен толық сәйкес келеді. "Нұрлы жол" бағдарламасы (2020-2025 жылдар), сондай-ақ 2029 жылға дейінгі жаңа Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар аясында Қазақстан автокөлік және теміржол инфрақұрылымына ауқымды инвестициялар салып келеді. Бұл ондаған мың шақырым автожолды қайта жаңғырту мен жөндеуді, сондай-ақ негізгі теміржол телімдерін электрлендіруді қамтиды. Аталған бағдарламалар шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобалардың жалпы көлемі ондаған миллиард АҚШ долларымен өлшенеді.

Тиімді, сенімді және климатқа төзімді көлік инфрақұрылымы Қазақстанның экономикалық өсуі үшін ғана емес, бүкіл өңірлік логистикалық жүйе үшін де үлкен маңызға ие. АИИБ-нің рөлі – осы жүйедегі негізгі әлсіз тұстарды жоятын сапалы жобаларды қаржыландыру.

– АИИБ Қазақстанда қандай негізгі көлік жобаларын іске асырып жатыр және олар қандай мәселелерді шешуге бағытталған?

– Қазіргі таңда АИИБ-нің Қазақстандағы көлік қоржыны үш флагмандық жобаны қамтиды. Олардың әрқайсысы елдің әртүрлі өңірлеріндегі нақты инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған.

Бірінші жоба – Көлік инфрақұрылымының орнықтылығы мен байланысын арттыру жобасы. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің құрамындағы Жезқазған – Қарағанды жол телімін қамтиды. АИИБ Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 650 млн АҚШ доллары көлемінде несие ұсынады. Жоба аясында шамамен 498 шақырым автокөлік жолы төрт жолақты стандартқа дейін жаңғыртылады, жол қауіпсіздігі мен климатқа төзімділікке қойылатын талаптар күшейтіледі. Аталған жол телімі – Орталық Қазақстан мен Каспий бағытымен байланыстыратын маршруттағы негізгі жетіспейтін бөлік, ал оны жаңғырту транзиттік тасымалды да, өңірлік мобильділікті де айтарлықтай жақсартады.

Екінші жоба – Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын жол телімінде М-32 автожолын қайта жаңғырту. Жоба 234 км жол бөлігін қамтып, жолды екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейтуді көздейді. Бұл Батыс Қазақстандағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағыты бойынша негізгі маршруттағы инфрақұрылымдық шектеулерді жоюға мүмкіндік береді. АИИБ тарапынан қаржыландыру көлемі 450 млн АҚШ долларын құрайды, жоба ЕҚДБ-мен (Еуропа Қайта құру және даму банкі) бірлесіп қаржыландырылады. Учаскенің жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 900 млн АҚШ долларына жетеді. Сонымен қатар жоба аясында Design – Build – Maintain (жобалау – құрылыс – қызмет көрсету) форматы бойынша келісімшарт және ақылы жол жүйесі енгізіледі, бұл жолдарды активтердің өмірлік циклі негізінде басқаруға көшуге көмектеседі.

Үшінші жоба – Алматы қаласының теміржол айналма жолы. Бұл жоба елдегі ең халқы тығыз орналасқан қаладағы теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда Алматы шегінде жолаушылар және жүк пойыздары бір жолды пайдаланады, бұл теміржол желісінің шамадан тыс жүктелуіне және транзиттік тасымалдар мен қалалық қозғалыстың баяулауына әкеліп отыр. Жоба аясында қала айналасында жаңа жүк айналма жолын салу көзделген, бұл аталған шектеуді жойып, жолаушылар тасымалы үшін қосымша өткізу қуатын босатуға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, бұл жобалар Транскаспий дәлізіндегі жетіспейтін инфрақұрылым элементтерін толықтыруға, Шығыс – Батыс бағытындағы негізгі автожолдардың бірін жаңғыртуға және маңызды қалалық теміржол торабын жеңілдетуге бағытталған. Жобалардың бәрі бастапқы кезеңнен-ақ климатқа төзімділік пен ұзақ мерзімді пайдалану сенімділігі ескеріле отырып жобаланды.


Оқи отырыңыз: Алматы айналма темір жолы қандай қаржы көздерінің есебінен салынады


– Бұл жобалар Транскаспий дәлізі аясындағы Қазақстанның рөліне және ел экономикасына ұзақ мерзімді перспективада қалай әсер етеді?

– Әрбір жоба нақты құрылымдық мәселені шешуге бағытталғанымен, олардың стратегиялық маңызы біртұтас әрі анағұрлым орнықты көлік желісін қалыптастыруда жатыр.

Жезқазған-Қарағанды жол теліміндегі жоба Транскаспий көлік дәлізіндегі ең осал буындардың бірін жояды. Қазақстан бұл бағытты Еуропа мен Азия арасындағы сенімді балама маршрут ретінде дамытуға белсенді түрде инвестиция салып отыр. 498 км автожолды төрт жолақты стандартқа дейін жаңғырту өткізу қабілетін арттыруға, пайдалану шығындарын азайтуға, қауіпсіздікті күшейтуге және жүк жеткізу мерзімдерінің болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл факторлар жаһандық логистикалық маршруттар арасындағы бәсекелестік жағдайында шешуші мәнге ие.

М-32 автожолының Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын жол телімі Батыс Қазақстанның өнеркәсіптік-аграрлық өңірлерін ішкі нарықтармен және сыртқы сауда бағыттарымен байланыстыруда маңызды рөл атқарады. Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің бір бөлігі ретінде бұл жол Еуропа, Ресей, Қазақстан және Қытай арасындағы сенімді қатынасты қамтамасыз етеді. Активтердің өмірлік цикліне негізделген келісімшарттарды және ақылы пайдалану тетіктерін енгізу жол желісінің қаржылық орнықтылығын арттырады.

Алматы теміржол айналма жолы елдегі теміржол ағындарының едәуір бөлігі, соның ішінде өсіп келе жатқан транзиттік тасымалдар өтетін ірі қалалық тораптағы шамадан тыс жүктеме мәселесін шешеді. Жүк пойыздарын қала шегінен шығару жүк және жолаушылар тасымалының да тиімділігін арттырады. Жалпы алғанда, бұл жобалар Транскаспий дәлізі аясындағы Қазақстанның позициясын күшейтіп, басым бағыттардағы инфрақұрылымдық шектеулерді жояды және азаматтар мен бизнес үшін күнделікті көлік қолжетімділігін жақсартады.

– Алматы теміржол айналма жолы қоғам тарапынан ерекше қызығушылық тудырды. Ол қандай нақты артықшылықтар береді?

– Алматы теміржол айналма жолы – Қазақстанның теміржол жүйесіндегі соңғы жылдардағы ең маңызды жобалардың бірі және оның нәтижесі іс жүзінде айқын сезілетін болады.

Фото: АИИБ баспасөз қызметі

Техникалық тұрғыдан жоба Жетіген және Қазыбек Бек станциялары арасындағы ұзындығы шамамен 75 км болатын жаңа электрлендірілген бір жолды теміржол желісін салуды көздейді. Жоба аясында үш жаңа бекет, 13 көпір, бес теміржол өткелі және бір автожол өткелі салынады, сондай-ақ соңғы бекеттерде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. АИИБ ұлттық теміржол компаниясы "Қазақстан темір жолына" швейцариялық франкпен он жыл мерзімге берілетін қамтамасыз етілмеген корпоративтік несие түрінде 150 млн АҚШ долларына дейін қаржыландыру ұсынады.

Стратегиялық тұрғыдан бұл жоба жүк пойыздары үшін халқы тығыз орналасқан Алматы торабын айналып өтетін жеке маршрут қалыптастырады. Қазіргі таңда жүк және жолаушылар пойыздары бір жол инфрақұрылымын қатар пайдаланып, өткізу қабілетінің шектелуіне және кідірістерге әкеліп отыр. Жаңа айналма жол жүк тасымалының өткізу қабілетін арттырып, жол жүру уақытын қысқартады және қозғалыс кестесінің сенімділігін күшейтеді. Сонымен қатар жоба жолаушылар тасымалын дамытуға арналған ресурстарды босатып, шамамен 2 млн халқы бар қала үшін аса маңызды мәнге ие болады. Бұдан бөлек, тұрғын аудандардағы шу деңгейін, шығарындыларды және қауіпсіздік тәуекелдерін азайтады. Транзиттік жүк ағындары артып отырған жағдайда, осындай ірі тораптардағы инфрақұрылымдық шектеулерді жою Қазақстанның сенімді транзиттік серіктес ретіндегі беделін нығайту үшін шешуші маңызға ие.

– Климатқа төзімділік – АИИБ-нің басымдықтарының бірі. Ол Қазақстандағы көлік жобаларында қалай ескеріледі?

– Қазақстанның көлік инфрақұрылымы күрделі климаттық жағдайларда жұмыс істейді. Олар: температураның күрт ауытқуы, аптап ыстық пен қатты суық, нөсерлі жауын-шашын. Бұл факторлар автомобиль және теміржол инфрақұрылымының қызмет ету мерзіміне тікелей әсер етеді.

АИИБ үшін климатқа төзімділік негізгі талаптардың бірі. Банк барлық жаңа қаржыландыру операцияларын Париж келісімінің мақсаттарына сәйкестендіру және мақұлданатын жобалардың кемінде жартысы климаттың өзгеруін азайтуға немесе оған бейімделуге үлес қосуын қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме алған. Барлық жобалар міндетті түрде климаттық тәуекелдерді бағалау рәсімінен өтеді, ал оның нәтижелері инженерлік шешімдерге, су бұру жүйелеріне және материалдарды таңдауға енгізіледі.

Жезқазған – Қарағанды және М-32 жобаларында жобалау стандарттары температура мен жауын-шашынның болжамды өзгерістерін ескере отырып жаңартылуда. М-32 жобасында Design – Build –Maintain (жобалау – құрылыс – қызмет көрсету) моделі құрылыс сапасын ұзақ мерзімді қызмет көрсету міндеттемелерімен тікелей байланыстырады, бұл инфрақұрылымды бүкіл өмірлік циклі бойы климаттық жүктемелерге төзімді етіп салуға ынталандырады. Алматы теміржол айналма жолы жобасында электрлендірілген желіні таңдау автомобиль тасымалымен салыстырғанда көміртек ізін азайтуға мүмкіндік береді және Қазақстанның көлік секторын декарбонизациялау мақсаттарын қолдайды. Бұл шаралар ұлттық климаттық стратегияға және 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу мақсатына толық сәйкес келеді.


Оқи отырыңыз: Біз Қазақстанның орнықты дамуындағы сенімді әріптеспіз – АИИБ директоры


– АИИБ мен Қазақстан арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалай бағалайсыз?

– Біз Қазақстанды ұзақ мерзімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Құрылтайшы мемлекет ретінде Қазақстан АИИБ-нің қалыптасу үдерісіне белсенді түрде қатысып, өңірдегі банктің ең серпінді клиенттерінің біріне айналды. Бүгінгі таңда АИИБ Қазақстанда көлік, жаңартылатын энергетика және денсаулық сақтау салаларында жалпы сомасы 2,64 млрд АҚШ долларынан асатын сегіз жобаны қаржыландыруды мақұлдады, оның ішінде шамамен 1,25 млрд АҚШ доллары көлік жобаларына тиесілі.

2025 жылы АИИБ пен Қазақстан Республикасының Үкіметі 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған, жалпы көлемі 6 млрд АҚШ долларына дейінгі көпжылдық инвестициялық желі бойынша келісті. Бұл желі елдің инфрақұрылымдық және әлеуметтік-экономикалық басымдықтарын қолдауға бағытталған, оның ішінде көлік желілерін дамыту, "жасыл" энергетика және әлеуметтік инфрақұрылым бар. "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы, Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар және 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясы инфрақұрылымды жаңғырту мен шығарындыларды қысқарту үшін нақты бағдарларды айқындайды. АИИБ орнықты инфрақұрылым құруға, Қазақстанның Еуразиялық логистикадағы рөлін нығайтуға және азаматтар мен бизнес үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған ұзақ мерзімді әріптестік аясында осы басымдықтарды қолдауға дайын.

Пікірлер

0
Кіруіңіз керек.
Пікірлер тексеруден өтеді.

Әзірге пікірлер жоқ…

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз