Тікелей эфир

Әлихан Смайылов сайлау учаскелерінде неге бейнекамера орнатылмайтынын түсіндірді

Оның сөзінше, әрбір сайлау кезеңінде бейнекамераларды орнату және қайта жинақтау экономикалық тұрғыда тиімсіз.

Сайлау учаскелерінде дауыс беру кезінде бейнемониторинг жүргізу бюджет қаржысын талап етеді. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттық сауалға берген жауабында айтты.

"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңға сәйкес, әр сайлаушы сайлауда жасырын дауыс бередi және еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға жол берiлмейдi.

"Сайлау учаскелерінде онлайн-трансляция функциясымен жабдықталған бейнебақылау камераларын орнату мәселесін конституциялық заңда белгіленген дауыс беру құпиясы қағидатын сақтау тұрғысынан қарау қажет. Бейнебақылау камераларын адамдарды автоматты түрде тану жүйесімен жабдықтау бөлігінде "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңға сәйкес, биометриялық деректер – дербес деректер субъектісінің физиологиялық және биологиялық ерекшелiктерiн сипаттайтын дербес деректер, олардың негізінде осы субъектінің жеке басын анықтауға болатынын ескеру қажет. Осы заңға сәйкес субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі болса дербес деректерді жалпыға қолжетімді көздерде таратуға жол берілетіні регламенттелген", – деді үкімет басшысы.


Оқи отырыңыз: 19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауының ерекшеліктері қандай? 12 сұраққа жауап


Премьер-министр бейнекамералар орнатуға техникалық мүмкіндіктер жете бермейтінін және экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін айтты.

"Бүкіл ел бойынша, әсіресе ауылдық елді мекендерде интернеттің сапасы мен қамтылуы жеткіліксіз екенін, сондай-ақ оларды хакерлік шабуыл мен желіге заңсыз ену секілді сыртқы әсерлерден қорғау мақсатында байланыс беру арналарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін атап өту қажет. Бұдан басқа, сайлау өткізу процесі тұрақты сипата емес, ауық-ауық өткізіледі. Сондықтан бейнежабдықтарды сатып алу экономикалық тұрғыдан тиімсіз және орынсыз. Өйткені барлық сайлау учаскесіне бейнекамера орнату республикалық бюджеттен қомақты бюджет қаражатын бөлуді талап етеді", – деді Әлихан Смайылов.

Айтуынша, бухгалтерлік есеп талаптарына сәйкес бейнекамералар негізгі құралдарға жатады. Тиісінше, оларды ұйымдардың балансында есепке алу және кейіннен сақтау қажет. Әрбір сайлау кезеңінде бейнекамераларды орнату және қайта жинақтау шығындарды қажет етеді.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі


Сондай-ақ, сайлау учаскелері көбіне терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес бейнебақылаумен жарақтандырылған білім беру мекемелерінде орналастырылады.

"Конституциялық заңға сәйкес, Қазақстандағы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға құқылы. Жоғарыда айтылғандарды ескере келе, қолданыстағы заңнама дауыс беру барысын бейнетіркеу мүмкіндігін жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етеді деп санаймыз", – деді премьер-министр.

Әлихан Смайылов Аустралия, Ұлыбритания, Канада, Швейцария, Нидерландтар, АҚШ  секілді бірқатар елдер дауыс беру учаскелерінен онлайн-трансляцияларды қолданып, оның осалдығына байланысты бұл тәжірибеден бас тартуға мәжбүр болғанын айта кетті.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары