Үндістан дипломатиясы бұған дейін негізінен мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды жүргізу, саяси, экономикалық және қауіпсіздік мәселелері бойынша келіссөздермен шектеліп келді. Алайда жаһандану, ғылым мен технологияның қарқынды дамуы және адамдардың халықаралық мобильділігінің артуы дипломатияның ауқымын кеңейтті.
Үндістанның бұрынғы елшісі, сарапшы Джейтэндра Кумар Трипатидің айтуынша, Үндістан да бұл өзгерістерден тыс қалған жоқ. Елдің сыртқы саясатында азаматтардың әл-ауқаты, қауіпсіздігі мен мүддесін қорғауға бағытталған азаматқа бағдарланған дипломатия маңызды орын алды.
XXI ғасырдың басында шетелдегі үнді диаспорасының ел экономикасына ақша аударымдары мен инвестициялар арқылы елеулі үлес қосатыны, сондай-ақ өздері тұратын мемлекеттердің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласатыны мойындалды.
Қазір әлемдегі үнді диаспорасының саны 35,4 миллионнан асады. Бұл Австралия мен Жаңа Зеландия халқының жалпы санынан да көп. Соңғы қаржы жылында шетелдегі үндістандықтар Үндістанға 135,46 млрд доллар көлемінде ақша аударған.
Үндістан үкіметі диаспорамен байланысты күшейту үшін жыл сайын Pravasi Sammelan шарасын өткізіп, шетелдегі беделді үндістандықтарға арнайы марапаттар табыстай бастады. Сонымен қатар Үндістан Сыртқы істер министрлігі шетелге жұмысқа, білім алуға немесе іскерлік мақсатпен шығатын азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар бағдарламаны іске қосты.
"Бұл саясат азаматтың паспорт алуынан бастап, визалық рәсімдер, шетелге шығу, қауіпсіз тұру және елге оралуына дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Үндістанда жаңа паспорт кеңселері ашылып, барлық аудандарда паспорт қабылдау орталықтары жұмыс істей бастады. Құжат рәсімдеу үдерісі цифрландырылып, халықаралық әуе қатынасын дамыту үшін жаңа әуежайлар ашылды. Шетелге жұмысқа шығатын азаматтарға арналған Prior to Departure Orientation and Training (PDOT) бағдарламасы іске қосылды. Үндістандық еңбек мигранттарын медициналық сақтандырумен қамту үшін Pravasi Bharatiya Bima Yojana жүйесі енгізілді", – дейді Джейтэндра Кумар Трипати.
Үндістан сегіз елмен көші-қон және мобильділік жөніндегі әріптестік келісімдерге, 19 мемлекетпен әлеуметтік қамсыздандыру туралы келісімдерге қол қойған. Бұл құжаттар шетелде жұмыс істейтін үнді азаматтары үшін қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар азаматтарға шетелдегі заңдар мен талаптар туралы ақпарат беретін e-Migrate жүйесі іске қосылды. Ал тәулік бойы жұмыс істейтін көптілді MADAD порталы шетелде қиын жағдайға тап болған үндістандықтарға көмек көрсетеді. Жүйе еңбек визаларына, жұмыс берушілердің жағдайына және жұмысшыларға ұсынылатын сақтандыруға қатысты ақпаратты да тексереді.
Үндістан шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінің санын арттырып, консулдық бөлімдерден бөлек үнді қауымдастығымен жұмыс істейтін арнайы бөлімдер құрды. Барлық елшіліктер мен консулдықтар жанынан Indian Community Welfare Fund қорлары құрылып, төтенше жағдайда қалған азаматтарға уақытша баспана, заң көмегі және Үндістанға қайту үшін әуе билеттері ұсынылады.
Азаматтардың мүддесін сыртқы саясаттың маңызды бөлігіне айналдыру Үндістан дипломатиясының жаңа кезеңін қалыптастырып отыр. Қосымша ресурстар бөлу және азаматтарды адастыратын делдалдарға қарсы қатаң шара қолдану бұл саясаттың тиімділігін одан әрі арттыра алады.
"Бұл саясат азаматтың паспорт алуынан бастап, визалық рәсімдер, шетелге шығу, қауіпсіз тұру және елге оралуына дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Үндістанда жаңа паспорт кеңселері ашылып, барлық аудандарда паспорт қабылдау орталықтары жұмыс істей бастады. Құжат рәсімдеу үдерісі цифрландырылып, халықаралық әуе қатынасын дамыту үшін жаңа әуежайлар ашылды. Шетелге жұмысқа шығатын азаматтарға арналған Prior to Departure Orientation and Training (PDOT) бағдарламасы іске қосылды. Үндістандық еңбек мигранттарын медициналық сақтандырумен қамту үшін Pravasi Bharatiya Bima Yojana жүйесі енгізілді", – дейді Джейтэндра Кумар Трипати.
Қазақстанның қалаларында үндістандық музыка концерттері өтті
Гоа туризмі және визасыз режим: Қазақстан мен Үндістан байланысы жаңа белеске шықты