Қазақстанда 15 жылдан бері еңбек етіп, Шавкат Рахмонов бастаған чемпиондарды дайындаған Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясының аккредитациясының уақытша тоқтатылуы ұйымның қызметін жалғастыруына тосқауыл болып отыр.
Федерация өкілдерінің мәлімдеуінше, аккредитацияның тоқтатылуына заңнамалық реформалар ықпалын тигізген. Атап айтқанда, 2026 жылдан бастап қолданысқа енген жаңа тәртіп бойынша, мемлекеттік аккредитация алу үшін федерацияны Ұлттық олимпиадалық комитет тануы қажет. Ал ММА олимпиадалық спорт түріне жатпайтындықтан, бұл талапты орындау мүмкін емес.
"Бұл біз үшін тосын жаңалық емес. Алдымен, ҰОК келісімі болмағандықтан, федерация қызметі уақытша тоқтатылатыны туралы ресми хабар алдық. Бірақ, бұл жерде аралас жекпе-жектің олимпиадалық спорт еместігі ескерілмей отыр. Олимпиадалық хартия ережелеріне сәйкес, тиісті халықаралық федерацияны Халықаралық олимпиада комитеті ресми түрде танымайынша, ұлттық олимпиада комитетінің олимпиадалық емес спорт түрлерін тануға құқығы жоқ", – дейді ҚР Біріккен аралас жекпе-жек федерациясының бірінші вице-президенті Асылбек Дүйсенов.
Оның айтуынша, қазақстандық федерация Халықаралық аралас жекпе-жек федерациясының (IMMAF) толыққанды мүшесі. Оның аралас жекпе-жекті ресми тану туралы өтініші ХОк қарауында жатқанымен, әлі ешқандай шешім қабылданбаған.
Сондай-ақ, Асылбек Дүйсенов Қазақстандағы Спорт істері комитетінің ММА-ді өзге федерация құрамындағы спорт түрлерінің бірі ретінде біріктіру жайлы ұсынысы да бұл мәселеге шешім болмайтынын айтады. Өйткені, бұл жағдайда федерацияға IMMAF ұйымынан шығуға тура келеді және сәйкесінше қазақстандық спортшылар ірі халықаралық жарыстардан шеттетіледі.
Осыған орай, федерация аккредитациядан айыру мәселесі бойынша сотқа жүгінген. Федерация басшылығы қалыптасқан жағдайға құқықтық баға берілуін талап етіп отыр.
AlmaU студенттері мен DAR Team командасы Шавкат Рахмонов пен Иэн Гарридің жекпе-жегін бірге тамашалады
"Бірде-бір жаттығу жиыны өтпеді". Аралас жекпе-жектен бас бапкер әлем чемпионатына қорытынды баға берді