Тікелей эфир

Ақтөбеде шаруалар малдың жүні мен терісін далаға лақтырып жатыр

Ақтөбеде шаруалар малдың жүні мен терісін далаға лақтырып жатыр, себебі өңірде шикізатты тапсыратын зауыт жоқ.

Шаруа қожалық өкілдерінің мәліметінше, жылына 3 мың тоннадан астам қой жүні өндірілсе, соның 90%-ы іке аспайды. Төрт түлікпен күн көріп отырған жандар бұл мәселенің ұзақ жылдан бері шешілмей келетінін айтады, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Талғат Нұржігітов 2013 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Қораның айналасында тау болып үйіліп жатқан жүнді көрсеткен қожалық басшысы «қойдың қырқымы қып-қызыл шығын» деп қынжылады. Қой жүнін қырқатын адамға әр қой үшін 800 теңгеден ақы төлейді, алайда ірі қараның терісі мен ұсақ малдың жүнін қоқысқа тастауға мәжбүр.

"Жылда сойылып жатқан сиырдың, ірі қара малдың терісін далаға тастап жатырмыз. Жүндерін де тастап жатырмыз. Жылда осындай проблема. Өртейміз. Қалғаны жатады. Көміп тастаймыз. Көріп тұрсыздар. Жылына 100 бастай ірі қара соямын. Соның терісін бәрін лақтырып тастаймыз. Бәрімізде бір талап: жүнді алып, қайта өңдесін", – деді шаруа қожалығының басшысы Талғат Нұржігітов.

Шаруалар меринос тұқымды қойдың жүні нарықта сұранысқа ие екенін айтады. Көрпе-төсек, киім-кешек тігетін жеңіл өнеркәсіп саласында таптырмас өнім, алайда оны кәдеге жарата алмай отырғандарын айтуда.

"Жүн, тері мәселесі бізде өтпейді. Ешқандай шығынымызды жаппайды. Әлемде бүкіл нарықта сұранысы жоғары жүндер бізде бар екенін көріп отырсыз. Далада илектеліп, шашылып жатыр. Ешқандай өтінім жоқ, сұраныс жоқ. Ондай болса, ол қойдың тұқымы жойылып кетеді... Шашылғаны бір бәле құрт құмырсқа жинайды. Қораның ішінде сақтауға келмейді", – деді шаруа қожалығының басшысы Марлен Баймағамбетов.

Бұл – облыстағы барлық шаруалардың бас ауруына айналған мәселе. Ал, ауыл шаруашылығы басқармасындағылар қой жүнін өңдейтін зауыт құрылысы биыл аяқталатынын айтты.


Оқи отырыңыз: Тоқаев ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны екі есе арттыруды тапсырды


"Жүн өңдеу бағытында бүгінгі күні зауыт салуға KAZFELTEC жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кірісті. Қазіргі күні құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоспар бойынша осы жылдың 2024 жылдың желтоқсан айында завод іске қосылуы тиіс. Тері өңдеу жағы да жоспарда тұр. 2025 жылдың желтоқсан айында іске қосылуы керек. Оған біздің индустриялдық зонада жер қарастырылған", – деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.

Ал зауыт іске қосылса, шаруалар шикізатты тиімді бағада тапсыруға дайын отыр.

 

Серіктестер жаңалықтары