Қостанай мен Ақмола облыстарының диқандарына аштықтан жан сауғалаған ақбөкендер тыным бермей жатыр. Қуаңшылықтан шөп таппаған киіктер мекендейтін орындарын тастап, мыңдаған гектар егіс алқабын тып-типыл еткен, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Онсыз да шаш етектен шығынға батқан диқандар енді киелі жануарға қандай шара қолданатынын білмей дал. Қуса – заңға қайша, қайырмаса – өзінің қамбасы бос қалғалы тұр. Олар аштықтан бұратылған ақбөкендердің мәселесін шешуді ел билігінен сұрады.
Ақмола облысында ақбөкендер алты ауданның 130 мың гектар егін алқабын таптап, шаруаларға орасан шығын келтірген. Аймақта 5 миллион гектар жерге егін егілген. Алайда, бір ай жаңбыр тимеген егін бітік шықпапты. Оның үстіне ақбөкендер де жайылып, егістікті таптап өткен. Диқандардың айтуынша, мұндай жағдай осымен үшінші жыл қатарынан қайталанып отыр. Киіктер де аз емес. Бір сәтте 20-30 мыңы келіп, жапырып өте шығады екен.
"Атбасарда 50 мың гектарды ақбөкен таптап жаншып өтті. Жарқайың, Қорғалжын, Егіндікөл аудандарында 130 мың гектар егістік алқабын ақбөкендер басып кетті. Осы мәселе бойынша былтыр да Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдағанбыз. Биыл премьер-министрге хат жолдадық. Бізге ешқандай шешім келген жоқ", – деді Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: