Тікелей эфир

Air China Астана мен Бейжің арасында жолаушы тасымалдауды қайта бастайды

Авиакомпания тікелей жолаушылар рейсін дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері орындауды жоспарлап отыр.

21 сәуірден бастап Қытайдың "Air China" авиакомпаниясы "Бейжің – Сиань – Астана" бағыты бойынша рейстерін қалпына келтіреді. Авиакомпания тікелей жолаушылар рейсін аптасына 3 рет: дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері орындауды жоспарлап отыр, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. 

Рейстер Airbus-A320 типті әуе кемелерінде орындалады.

Өз кезегінде, Қазақстанның "Air Astana" әуекомпаниясы маусым айынан бастап "Астана – Бейжің" бағыты бойынша орындалатын рейстер санын 2 рейске дейін, "Алматы – Бейжің" бағыты бойынша 7 рейске дейін және "Алматы – Чэнду" бағыты бойынша аптасына 2 рейске дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Осылайша, елдер арасындағы рейстер саны аптасына 13-тен 19 рейске дейін ұлғайтылады, оның ішінде қытайлық "China Southern Airlines" әуе компаниясы "Астана – Үрімші" бағыты бойынша аптасына 2 рейс және "Алматы – Үрімші" бағыты бойынша 3 рейс жасайды. 

Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа бағыттардың ашылуы және әуе рейстер санының артуы елдер арасындағы туристік, мәдени, инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Қытайға 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады


Еске салайық, қазақстандықтар Қытайға 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады. Бұл туралы Үкімет қаулысының жобасында жарияланған. Мемлекетаралық келісімге сәйкес, қазақстандықтарды жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды (келісім-шарттар жасасу, келіссөздер жүргізу, консультациялық қызметтер көрсету және басқа да іскерлік мақсаттар) жүзеге асыру мақсатында Қытай аумағына 30 күннен аспайтын мерзімге баруы үшін визалық талаптардан босату жоспарланып отыр.

Бұл ретте 180 күн ішінде азаматтың Қытайда болған күндерінің жалпы саны 90 күннен аспауы тиіс. Сәйкесінше, Қытай азаматтарының Қазақстанда болуы үшін де дәл осындай шарттар қолданылады.

Серіктестер жаңалықтары