Наурыз мейрамы қарсаңында Air Astana әуекомпаниясы Алматыдан Баку қаласына тікелей рейстерді қайта жандандырады. Сонымен қатар Әзербайжан астанасына орындалатын рейстер саны кезең-кезеңімен арттырылады, деп хабарлайды әуекомпанияның баспасөз қызметі.
2026 жылғы 15 наурыздан бастап Алматы–Баку–Алматы бағыты бойынша рейстер аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Сәуір айынан бастап жиілік аптасына үш ретке, ал мамыр айынан бастап төрт ретке дейін көбейеді. Жаңа кестеге сәйкес, рейстер дүйсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі күндері қатынайды. Ұшу және қону уақыттары жолаушыларға сапарды ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік беретіндей күндізгі уақытқа қойылған.
Сонымен қатар Атырау–Баку–Атырау бағыты бойынша рейстер жиілігі аптасына үш ретке дейін ұлғаяды. 18 наурыздан бастап ұшулар дүйсенбі, сәрсенбі және сенбі күндері орындалса, сәуір айынан бастап сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері жүзеге асады.
Алматыдан Бакуге ұшу ұзақтығы – 3 сағат 35 минут, ал Атыраудан – 1 сағат 25 минут. Барлық алымдарды қоса есептегенде эконом-кластағы барып-қайту билеттерінің бағасы Алматыдан 157 182 теңгеден, ал Атыраудан 97 093 теңгеден басталады.
Билеттерді Air Astana-ның ресми сайтынан, мобильді қосымшасынан және аккредиттелген туристік агенттіктерден сатып алуға болады. Қазақстан азаматтарына Әзербайжанға сапарлау үшін виза талап етілмейді.
USD:
469.5 / 472.5
EUR:
552.0 / 557.0
RUB:
6.01 / 6.13