Қазақ фильмдерінде құрбан рөліндегі әйелдерді көбірек көреміз, деді кинотанушы Әсия Бағдәулетқызы Factcheck.kz сайтына берген сұхбатында.
Әсия Бағдәулетқызы кинода әйел кейіпкерлерде ер бейнелерге "рұқсат етілетін" күрделілік жоқ екенін айтады. Сонымен қатар әйел образдар қандай болу керек деген мәселеге тоқталды.
"Егер киноның, кез келген өнер сияқты, негізгі мақсаты адамды зерттеу болса, ол әйелді де ерінбей зерттеуі керек. Стереотиптер, қалыптасқан схемаларға салып вердикт айту үшін емес, инструкция беру үшін емес, шынында жанына үңілуі керек. Ол әйелдер әр түрлі болсын: толық, арық, күнәһар, батыл, табысты, адасқан, кәсіпқой, өзіне сенімсіз, т.т. Әр түрлі, белсенді кейіпкерлерді экраннан көбірек көрсек, өмірде де әйел атаулыны стереотипке салмай, бар күйінде қабылдауға үйренеміз", – деді кинотанушы.
Оқи отырыңыз: Кинотанушы: Қазақстанда киноға попкорн деп қарамайтын ортаны қалыптастыру керек
Сондай-ақ, кинотанушы неге комедия жанрында түсірілген киноларда әйелдерге қатысты стереотипті қайта өндіретін әжуалар көп екенін түсіндірді.
"Қазақстандық комедияда әйелдерге қатысты әжуалардың (ақылсыз, эмоционалды әйел, күйеуін билейтін ене) қайталанып өндірілуі ең алдымен сценаристер мен режиссерлердің санасындағы стереотиптердің көрінісі, демек көбі қоғамды ойлануға шақырмастан бұрын бұл тақырыптарда өздері де ойланып көрмеген және мұндай юморды күлкілі деп санайды. Екіншісі, олар ізденуге шорқақ, бәлкім қоғам мен идеология структурасындағы кейбір мәселелерді түсінуге білімі де жетпейтін шығар. Яғни қоғамды алға жетелеудің орнына өздері қоғамның жетегінде кетеді", – деді кинотанушы.
Әсия Бағдәулетқызы қазақ киносында әйел жанының күрделілігін сипаттайтын, не гендерлік теңдікті насихаттайтын фильмдер бар екенін, бірақ өте аз және әрқайсысы сынға ашық екенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Кинотанушы: Қазақша субтитрлер Google-мен аудара салғандай сапасыз