Астанада халықаралық AI & Digital Bridge форумы аясында алғаш рет Central Asia HealthTech & AI атты медициналық арнайы трек ұйымдастырылып, оны MedHub "Health AI Quality" платформасы өткізді.
Панельдік сессияның негізгі тақырыбы медицинадағы жасанды интеллектіні дамытудың негізі ретінде деректермен қауіпсіз алмасуға арналды. Қатысушылар емделушілердің құқықтарын қорғау, дәрігерлік құпияны сақтау және ақпаратты стандарттау мәселелерін талқылады.
Сессияда сарапшыларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус арнайы үндеу жолдады.
ДДСҰ басшысы жасанды интеллект медициналық диагностика сапасын түбегейлі арттырып, ғылыми зерттеулерді жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Алайда цифрлық технологияларды енгізу қауіпсіз әрі әділ болуы керек.
"Жасанды интеллектінің әлеуеті орасан зор. Ол диагностика сапасын жақсартып, зерттеулерді жеделдетіп, медициналық көмекке қолжетімділікті арттыра алады. Бірақ бұл технологиялардың теңсіздікті күшейтпеуін, керісінше, оны азайтуға ықпал етуін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін тиімді басқару жүйесі, киберқауіпсіздік және ең бастысы, сенім қажет", – деді Тедрос Адханом Гебрейесус.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллектіні медицина саласына табысты енгізу азаматтардың өз медициналық деректерін бөлісуге қаншалықты дайын екеніне тікелей байланысты. Сенімді қалыптастыру үшін мемлекеттер ақпараттың толық құпия сақталуына кепілдік беріп, деректердің қандай мақсатта пайдаланылатынын ашық түсіндіруі қажет.
"Адамдардың сенімі бәрінен маңызды. Ең алдымен, біз адамдардың деректерімен жұмыс істейміз. Сондықтан қоғамның сеніміне ие болуымыз керек. Мұны жүзеге асырудың бірнеше жолы бар. Біріншіден, бұл деректердің не үшін қажет екенін қоғамға түсіндіру, екіншіден, адамдар өз құқықтары немесе жеке шекаралары бұзылғандай сезінбеуі үшін деректерді қауіпсіз әрі құпия түрде ұсыну қажет. Бұл – басты қағидалар", – деді Катар мен Түркияның денсаулық сақтау министрлерінің бұрынғы кеңесшісі Махмууд Адил.

MedHub платформаларының жасанды интеллект негізінде тиімді жұмыс істеуі үшін құрылымдалған деректер қажет. Қазақстанда медициналық ақпараттың орасан зор қоры бар. Алайда оның едәуір бөлігі цифрлық өңдеуге қолайсыз форматтарда сақталған. Сарапшылар деректер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізіп, мемлекет, медициналық ұйымдар мен әзірлеушілер арасында өзара байланысты жолға қоюға шақырды.
"Қазақстанда деректердің сапасына, оларды ұсыну форматына және құрылымдалуына қатысты стандарттарды енгізу өте маңызды. Бір жағында – клиникалардың қажеттіліктері, екінші жағында – технологияны әзірлеу жолын білетін әзірлеушілер болса, ал үшінші жағында – ережелерді қалыптастыратын мемлекет бар. Өкінішке қарай, қазір бұл үш тарап бір-бірінен бөлек жұмыс істеп отыр, сәйкесінше олардың арасында тиісті байланыс жоқ. Сондықтан мемлекеттің осы үш бағытты біріктіргені маңызды. Әзірлеушілер клиникаларға қандай қажеттіліктер бар екенін нақты түсінуі, ал клиникалар өз қажеттіліктерін жеткізе білуі керек", – деді MedHub "Health AI Quality" платформасының тең құрылтайшысы әрі басшысы Тоғжан Қожалы.
Астанада медицинадағы жасанды интеллектіні дамыту мәселелері талқыланады