Режиссер Әділхан Ержанов түсірген "Штурм" кинотуындысы LA Asian Pacific Film Festival кинофестивалінде Гран-при жүлдесіне (Grand Jury Award for Best Narrative Feature) ие болды. Бұл туралы "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Фильмдегі оқиға Қаратас ауылындағы мектепте өрбиді. Білім ордасын басып алған белгісіз біреулер оқушыларды тұтқынға алып, оларды босату үшін ешқандай талап қоймайды. Қаладан көмекке шыққан құтқарушылар алай-дүлей соққан ызғарлы бораннан жете алмағандықтан, мектеп ұстазы Тазшы ата-аналардың басын қосып, балаларды босатуға бел буады.
Фильмдегі басты рөлдерді Азамат Нығманов, Александра Ревенко, Берік Айтжанов, Данияр Алшынов, Нұрлан Батыров, Теоман Хос, Еркен Губашев және Ерден Телемісов сомдаған.
Оқи отырыңыз:
- Германияда танк мінген қазақ. "Нартай" көрерменге жол тартты
- Режиссёр Фархат Шәріпов: Жасөспірімдерді жыныстық құлдыққа салу әлі бар
"Штурм" – ресейлік LOOKFILM және FORESTFILM компанияларының қолдауымен ShortBrothers продюсерлік компаниясы түсірген Қазақстан мен Ресейдің бірлескен туындысы. Сондай-ақ жобаны жасауға "Қазақфильм", Cinerental киностудиясы және әйгілі Nomad Stunts каскадерлер тобы атсалысқан.
Сәуірде фильм Францияда өткен Festival international du Film Policier Reims Polar кинофестивалінде Гран-при және сыншылардың жүлдесімен марапатталған болатын.