Тікелей эфир

Германияда танк мінген қазақ. "Нартай" көрерменге жол тартты

Кино 5 мамырдан бастап кинотеатрларда көрсетіледі.

Владимир Куниннің "Русские на Мариенплац" романының желісімен түсірілген сержант Нартай Сапарғалиев туралы фильм жарық көрді. 

Кино режиссері Гүлнәр Сәрсенова 1995 жылы Владимир Куниннің "Русские на Мариенплац" атты романын оқыған кезде көркем фильм түсіру ойына келген екен. Бұл арманына ол 25 жыл өткеннен кейін қол жеткізді.

"Бұл жобамен үш жыл жұмыс істедік. Фильмнің бас кейіпкері қазақстандық механик танкист Нартай Сапарғалиев Германияда еш құжатсыз, жолдастарынсыз адам сенгісіз оқиғаға тап болады. Ол жат жерде қолынан келгенді жасап жүргенімен Қазақстанды сағынады. "Нартай" фильмі "Мимино" мен "Терминал" фильмдерімен үндеседі. Кейіпкерлер "Отаным қайда?" деген сауалға жауап іздейді. Көрермен "Нартайдан" өзіне жақын дүниені табады. Ал мен үшін бұл – ең алдымен түрлі ұлт пен буынның достастығы. Қарапайым, шынайы керіпкерлер жасына, ұлтына немесе саяси көзқарасына қарамастан көрермендердің жүрегін жылытады деп сенемін", – деді Гүлнәр Сәрсенова. 


Оқи отырыңыз: Режиссёр Фархат Шәріпов: Жасөспірімдерді жыныстық құлдыққа салу әлі бар


Фильмде қазақ сержанты, патриот Нартай Сапарғалиевтың оқиғасы баяндалады. Ол тағдырдың жазуымен 90-жылдары сенімді серігі Т-62 танкісімен бірге Герман демократиялық республикасына келеді. КСРО-дан Германияға қашып кеткен орыс эквилибристі Эдик Нартайды танкімен бірге кездейсоқ ұрлап әкетеді.

Жарқын әрі көңілді кейіпкер жат жерде достар табады. Екеуін ауылда тұратын неміс отбасы қарсы алып, жатсынбай үйіне кіргізеді. Эдик екеуі Мюнхен көшесінде кетіп бара жатқанда үй-күйсіз қалған, аяғы ауыр еврей Катя Гуревичті көріп қалады. Қызға көмектеспек болып өздері тұрып жатқан үйге әкеледі. Үшеуі бірге Мюнхеннің бас алаңы – Мариенплацта өнер көрсетіп, ақша табады.

Нартайды жергілікті фермерлер құрметтейді, өйткені ол кез-келген техниканы жөндейді. Танкімен жер жыртады. Батыл, тапқыр, әзілқой қазақ алдынан кездескен адамның бәріне көмек қолын созады. Нартайдың қолынан келмейтіні жоқ. Не істесе де, Отанына деген сағыныш оған маза бермейді. Соңында иммигранттар тұратын жатақхананы өртемек болған неофашистермен күресіп, ерлік көрсетеді. 


Оқи отырыңыз: "Субтитр қазақ тілінің мәртебесін түсіреді". Қазақстанның кино нарығы туралы дубляж режиссерімен сұхбат


Нартай өзге елде қалуды мүлде ойламайды, туған жеріне оралу үшін барын салады. Ал досы Эдик болса еліне қайтуға құлықсыз. Бір-біріне қарама-қарсы екі кейіпкер арқылы көрермен Отан мен адам арасындағы байланысты көре алады. 

Басты рөлге Асылхан Төлепов пен Жандос Айбасов секілді танымал актерлер үміткер болған. Алайда авторлардың таңдауы Шәріпбек Зәкіровке түскен. Оның қатысуымен бір айда Киноорталықтың үшінші жобасы шығып отыр. Ол осыған дейін "1941 жылдың жазы", "Патриоттар уақыты" фильмінде сомдады. "Нартай" – актердің алғашқы басты рөлі.  

"Фильмге 20-21 жасымда түстім. Владимир Куниннің шығармасын оқып шықтым. Кітаптан көп нәрсе өзгертілген. Импровизация болмады, барлығы сценарий бойынша жүрді. Көп дайындалдым", – деді Шәріпбек Закиров.  

Сондай-ақ, фильмге Григорий Чабан мен Анна Старченко да түсті. Негізгі түсірілімдер Қазақстан мен Германияда өтті.  

Экшн элементтері бар трагикомедия жанрында түсірілген картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен шығарылды.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары