"Абайдың қара сөздері" фильмі он бес астарлы әңгіме мен философиялық трактаттан тұрады. Киножобада қазақтың ақын-реформаторының іргелі туындысының мызғымас құндылығын жаңаша ашатын күрделі режиссерлік шешімдер қолданылған, деп хабарлады ТРК баспасөз қызметі.
Басты кейіпкерлерді Қазақстан кинематографиясының еңбек сіңірген актерлері – Айдос Бектемір, Жан Байжанбаев, Ерік Жолжақсынов, Бахтияр Қожа, Тәуекел Мүсілім, Индира Меңдібаева, Жайдарбек Күнғожинов және басқалар сомдады.
Телерадиокешеннің бас директоры Раушан Қажыбаеваның айтуынша, "Қара сөздерде" қазақ халқының ұлттық тәрбиесі мен дүниетанымы, адамгершілік және моральдық негіздері, тарихи мәселелер көтеріледі". ТРК басшысы "Абайдың ойлары мен тұжырымдары бүгінгі күні де өзекті" екеніне тоқталды.
"Біздің жұмысымыз қазақ әдебиетінің классигі, ақын, қоғам қайраткері және XIX ғасырдағы ұлы ағартушының жарқын мұрасы "Қара сөздерді" насихаттауға үлес қосады деп үміттенеміз", – деді Раушан Қажыбаева.
Көркем киножобаның түсірілімі Алматы қаласы мен Алматы облысының түрлі аймағында өткен.
Қазіргі уақытта графикалық жұмыстар мен түстерді түзетудің соңғы сәттері жүріп жатыр. Фильм қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсірілген. Көркем киножоба ашық түрде интернет-платформаларда жарияланып, әлемдік телеарналарда көрсетіледі.