Алматы музейлері 2023 жылы кіру билеттерін сатудан 60 миллион теңгеден астам табыс тапты. Осылайша биылғы жоспарды 200% асыра орындады. Алматы әкімдігінің хабарлауынша, бұл туралы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев музей ісін дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында мәлімдеді.
"Өнер сүйер қауым үшін өткен жылы 73 көрме ұйымдастырылды. Оған 125 230 адам қатысты. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Келу кезінде кіру билетінің бағасы 250 теңгеден 5000 теңгеге дейін өзгеретінін атап өтеміз. Балалар, зейнеткерлер мен студенттер үшін жеңілдіктер қарастырылған", – деді ол.
Оның айтуынша, биыл мұражай ісінің өкілдері белсенді және жемісті жұмыс жүргізіп, көптеген өлшемдер бойынша үздік нәтижелер көрсетті. Халықаралық ұйымдармен 15 меморандумға қол қойылды. Олардың барлығы саланы ілгерілетуге және дамытуға бағытталған.
"Біздің көрмелер тек қала ішінде ғана емес, Оңтүстік Кореяда, Италияда және Австрияда да ұйымдастырылды. Қала басшылығының қолдауымен биыл мұражай қызметкерлерінің жалақысы 30% көтерілді. Музейлерге келушілер санының 2 есеге артқаны қуантады", – деді Ғани Майлыбаев.
Айта кетерлігі, 2023 жылы Алматы музей қызметкерлері 25 ғылыми және ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, Францияның жетекші мзейлерінде кәсіби біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Оқи отырыңыз: Өткен жылы қазақстандықтар мұражайға 6 млн рет барған