USD: 471.9 / 474.5
  • EUR: 544.0 / 549.0
  • RUB: 5.61 / 5.73
Тікелей эфир
Алматы +32C
Все города

6 мыңға жуық адам көмек алды. Түркістан облысында "Отбасын қолдау орталықтары" қалай жұмыс істейді

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
1 шілдедегі мәлімет бойынша, облыс көлемінде FSM Social жүйесіне жалпы 6 мың дабыл түскен.

Өмірдің қыспағы мен қиын сәттеріне тап болған әрбір шаңыраққа дер кезінде қол ұшын созу – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты басымдығы. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар ерекше серпінмен жүзеге асырылуда. Қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау және оларға кешенді қолдау көрсету мақсатында өңірдегі аудандар мен қалаларда арнайы мобилді топтар құрылып, жүйелі қызмет атқарып келеді, деп мәлімдеді Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы.

Бүгінде осы зор жауапкершілікті арқалаған мобильді топтардың құрамына халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және ішкі істер органдарының ең білікті 5988 өкілі енгізілген. Заманауи технологиялардың игілігін тиімді пайдалану мақсатында бұл мамандардың барлығы FSM Social электронды жүйесіне толықтай тіркеліп, үйлесімді жұмыс ырғағын қалыптастырды.

Төтенше дабыл және пробация бағытындағы нәтижелі қадамдар

Аталған жүйенің тиімділігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Мамандардың жедел әрекет етуінің арқасында 2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, облыс көлемінде FSM Social жүйесіне жалпы 6 мың дабыл түскен. Бұл – көмекке мұқтаж жандардың үні дер кезінде естілді деген сөз. Түскен сигналдардың ішінде қоғамға бейімделуді қажет ететін, пробация есебінде тұрған азаматтарға қатысты 888 өтінім тіркелді. "Отбасын қолдау орталықтарының" тікелей үйлестіруімен және құзырлы мемлекеттік органдардың жұмылуымен бұл азаматтардың әрқайсысына құқықтық аяда түрлі көмектер көрсетілді. Дәлірек: 

  • 75 азаматқа – атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды;
  • 129 жанға – әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді;
  • 121 адамның – жұмыспен қамтылу мәселесі шешілді;
  • 99 азамат – денсаулық жағдайына байланысты емдеу мекемелерінің көмегіне қол жеткізді;
  • 113 тұрғынға – бір реттік қаржылай көмек берілді;
  • 451 адамға – кәсіби психологиялық көмек көрсетілді;
  • 111 жанға – құқықтық кеңестер мен медиаторлардың көмегі ұсынылды;
  • 33 азамат – тұрғын үй кезегінің тізіміне тұрғызылды;
  • 7 адамға – өзін банкрот деп тану мәселесі бойынша құқықтық жол көрсетілді;
  • 63 азаматқа – жомарт демеушілер тарапынан материалдық қолдау көрсетілді;
  • 10 бала – балабақшаға орналастырылып, 14 азаматтың банк есепшоттарын ашуына көмек берілді;
  • 22 тұрғын – басқа да маңызды консультациялық көмектер алды.

Айта кетерлігі, пробация бағыты бойынша түскен 888 сигналдың ішінде 773 сигнал толықтай және нақты орындалды. Бұл ретте 451 психологиялық қолдау, 92 жұмысқа орналастыру, 76 медициналық көмек, 45 әлеуметтік қолдау, 83 құқықтық көмек және 26 өзге де маңызды консультациялар өз нәтижесін берді.


Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады


Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл

Орталықтардың баса назар аударатын өзекті бағыттарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның құрбандарына араша түсу. Осы уақытқа дейін облыс бойынша бұл мәселемен қиындыққа тап болған 192 азамат орталық жұмысына жүгінген. Мамандардың нәтижелі жұмысының арқасында олардың 185-іне жан-жақты психологиялық әрі құқықтық кеңестер беріліп, отбасылық құндылықтарды қайта жаңғырту арқылы өз шаңырақтарына оралуына мүмкіндік жасалды. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын тартып, ерекше қорғауды қажет еткен 7 азамат ресми түрде құрбан ретінде танылды. Олардың 6-уы "Сенім-ай" дағдарыс орталығына, ал 1 азамат өзге де арнайы қолдау орталықтарына қауіпсіз орналастырылды.

"Отбасын қолдау орталықтары" коммуналдық мемлекеттік мекемесі жалпы алғанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында қиын өмірлік жағдайда қалған 5707 адамға зор үміт сыйлап, 6552 түрлі қызмет көрсетті. Бұл қызметтердің құрылымы төмендегідей жан-жақты сипатқа ие:

  • 2322 қызмет – медиаторлар кеңесі, мотивациялық тренингтер, оқыту курстары, психологиялық қолдау және құқықтық көмек;
  • 1639 қызмет – жұмыспен қамтылуға жәрдемдесу, жеке ісін ашу, түрлі маңызды анықтамаларды алуға қол ұшын созу;
  • 1120 қызмет – мүгедектігі бар жандарға көрсетілетін әлеуметтік төлемдер мен көмектер;
  • 512 қызмет – денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешу;
  • 389 қызмет – өз-өзіне қызмет көрсетуді үйрету, ЭЦҚ алуға жәрдемдесу;
  • 375 қызмет – материалдық және демеушілік қолдау шаралары;
  • 166 қызмет – тұрғын үй кезегіне тұру, арнайы сертификаттар алуға ықпал ету;
  • 29 қызмет – білім беру және мектепке дейінгі балалардың өзекті мәселелерін реттеу.

Өңірдегі әлеуметтік тұрақтылық пен орталықтардың атқарып жатқан ауқымды жұмыстарының маңызы туралы Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы айтып берші. 

"Әрбір шаңырақтың түтіні түзу ұшып, әрбір азаматтың қоғамда өз орнын табуы – біздің басты міндетіміз. Өмірдің сынағына тап болып, тығырыққа тірелген отбасыларды дер кезінде анықтау, оларға тек қағаз жүзінде емес, нақты әрі кешенді көмек көрсету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Түркістан облысындағы "Отбасын қолдау орталықтары" мен олардың жанынан құрылған мобильді топтар – осы мақсатта аянбай еңбек етіп келе жатқан бірегей құрылым. Бұл жерде тек мемлекеттік қолдау ғана емес, адамның тағдырына деген шынайы жанашырлық бірінші орынға қойылған. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндігін пайдалана отырып, жүйелі түрде жалғастыра береміз. Ешбір азамат, ешбір отбасы назардан тыс қалмайды", – деді Мекенхан Қозыханұлы.

Түркістан облысының "Отбасын қолдау орталықтары" әрбір мұқтаж жанға қорған болып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік пен береке-бірліктің алтын діңгегіне айналып келеді. Атқарылған бұл ауқымды істер – аймақтың ертеңіне жасалған сенімді әрі жасампаз қадамның айқын көрінісі.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау