Алматыда орта білім беру мекемелері арасында өтетін байқаудың қалалық кезеңі басталды. Бұл туралы қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Байқау педагогикалық және басқарушылық тәжірибені жинақтау мен тарату мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Қалалық кезеңге қатысатын әр ауданнан ұсынылған сегіз білім беру ұйымы арнайы құрмет дипломымен марапатталады. Ал жеңімпаз Алматы қаласы әкімінің 56 млн теңге сомасындағы грантын иеленгені туралы сертификат алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда үздік бизнес өкілдерін анықтайтын "Парыз-2023" байқауы басталды
Қатысушылар қалай іріктеледі?
Ққатысушыларды іріктеу мына критерийлер бойынша жүзеге асырылады:
- оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізу;
- сапалы білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- кадрлық қамтамасыз ету;
- материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
- білім алушылардың денсаулығын сақтау үшін жағдайлар жасау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- педагогтер мен басшылардың кәсіби және жеке өзін-өзі дамыту үшін жағдайлар жасау;
- инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау;
- соңғы үш жылдағы оқушыларды оқытудағы рейтингтік көрсеткіштер;
- білім беру сапасын басқару;
- білім беру сапасын сыртқы және ішкі бағалау нәтижелері;
- халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.
Байқауға барлық мемлекеттік орта білім беру ұйымы қатысады. Қалалық байқау комиссияның жұмысы 30 маусымда аяқталады.
"Грант тамыз айындағы қалалық пленарлық конференцияда табыс етіледі. Яғни, жеңімпаз болған мемлекеттік орта білім беру мекемесіне материалдық-техникалық жабдықтандыруды жақсартуға және білім беру үдерісін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуге қаражат аударылады" – делінген хабарламада.