5 жылда жетім балалар саны 2 мыңға азайды – Бектенов

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
2025 жылғы шілдеден бастап баланы қабылдаушы кәсіби отбасы қызметі енгізіледі.

Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны – 20 798 болса, оның ішінде қазақстандық азаматтардың отбасыларында 17 110 бала тәрбиеленуде, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 ұйымда 3688 бала тұрады. Бұл мәліметтер үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сенат депутаттарына берген жауабында жазылған. 

Премьер-министрдің сөзінше, соңғы уақытта жетім балалар санын азайтуда жақсы нәтижелер бар. Атап айтқанда, соңғы 5 жылда жетім балалардың саны шамамен 2 мыңға азайған: 

  • 2021 жылы – 22 692; 
  • 2025 жылы – 20 798.

"Баланың отбасыда өмір сүру және тәрбиелену құқығы отбасыға орналастырудың балама нысандары арқылы жүзеге асырылады. Олар: бала асырап алу, қорғаншылық (қамқоршылық), патронаттық тәрбие және қабылдаушы отбасы. Қабылдаушы отбасыларды материалдық қолдау жетім балаларды асырауға ай сайынғы жәрдемақы (әр балаға 10 АЕК), патронат тәрбиешілер мен қабылдаушы ата-аналардың қызметтеріне ақы төлеу (2023 жылы төлем мөлшері 58 мыңнан 137 мың теңгеге дейін екі есеге ұлғайтылды), асырап алушыларға біржолғы жәрдемақы (75 АЕК) арқылы жүзеге асырылады", – делінген премьер-министрдің жауабында. 

Сондай-ақ бала асырап алушыларға, қамқоршыларға бала күтімі бойынша демалыс беріледі, әлеуметтік төлемдер жүргізіледі, сондай-ақ салық жеңілдіктері көзделген. 


Оқи отырыңыз: Асырап алған балаға зорлық көрсеткен 4 ата-ананың үстінен қылмыстық іс қозғалды


2025 жылдың шілдесінен бастап отбасылық орналастырудың жаңа нысаны – баланы қабылдаушы кәсіби отбасы енгізіледі, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды интернаттық ұйымдарға апармай, осы отбасыларға орналастыруға мүмкіндік береді.

Серіктестер жаңалықтары