Түркістан облысында аптап ыстықтың әсерінен бірқатар жол учаскелерінде асфальт жабыны бүлініп, балқу белгілері байқалды. Осыған байланысты "Шымкент – Түркістан" тасжолы мен Солтүстік айналма жолда қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖол".
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мамандары жүргізген мониторинг нәтижесінде төрт учаскеде ақау анықталған. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталған аумақтарға уақытша жол белгілері орнатылып, көлік қозғалысы бақылауға алынған.
Қазір арнайы бригадалар зақымданған учаскелерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар жол төсеміндегі қысымды азайтып, асфальттың бүлінген бөліктерін жөндеп жатры.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Ербол Пірімбетовтің айтуынша, өңірде соңғы екі аптадан астам уақыт бойы ауа температурасы 35-42 градус аралығында сақталған.
"Қазір осындай төрт жер анықталды. Барлық учаскеде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы бір ай бойы ауа райы өте ыстық болады деген болжам бар. Сондықтан тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, жолдардың жағдайын бақылауда ұстаймыз", – деді ол.
Жауапты мекемелер жүргізушілерді жол ережелерін сақтауға, жылдамдықты асырмауға және уақытша қойылған белгілерге мұқият болуға шақырды.