Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында Президентке компанияның соңғы екі жылда атқарған жұмыстары, инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларының нәтижелері туралы баяндалды.
Қазіргі таңда "Қазақтелеком" 1,75 миллионнан астам үй шаруашылығына қызмет көрсетіп отыр. Компания ел аумағында талшықты-оптикалық желіні жүйелі түрде кеңейтіп, телекоммуникация нарығының негізгі сегменттерінде көшбасшылық орнын сақтап келеді.
Елді мекендерді байланыспен қамту бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін 1 миллионнан астам тұрғыны бар 3 мыңнан аса ауыл сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз етіледі.
Президентке "Каспий ТОБЖ" халықаралық жобасының жүзеге асырылуы туралы да ақпарат берілді. Аталған жоба Ақтау – Сумгаит бағыты бойынша суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздейді. Бұл бастама Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азия арасында жаңа цифрлық дәліз қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кездесуде деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Екібастұз қаласында "Деректерді өңдеу орталығы алқабы" стратегиялық жобасы аясында заманауи орталық салынуда. Оның қуаты кезең-кезеңімен ұлғайтылмақ. Жоба халықаралық технологиялық компанияларды тартуға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Бағдат Мусин жасанды интеллект технологияларын енгізу басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Компания корпоративтік процестерді автоматтандыруға арналған ЖИ-агенттерді әзірлеу, киберқауіпсіздік шешімдерін жетілдіру және мемлекеттік секторды цифрландыру бойынша бірқатар жобаны қолға алған.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын қалалар мен ауылдарды сапалы байланыс және интернетпен қамтудың маңызын атап өтіп, цифрландыру мен жасанды интеллект салаларындағы инвестициялық жобаларды уақтылы әрі тиімді жүзеге асыруды тапсырды.
USD:
482.5 / 485.3
EUR:
556.5 / 561.5
RUB:
5.83 / 5.99