27 қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде бұрқасын, тұман және қар күтіледі

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Ел аумағында ауа райы күрт нашарлайды.

27 қаңтар күні Қазақстанның көп өңірінде ауа райы қолайсыз болады. "Қазгидромет" РМК мәліметінше, ел аумағында бұрқасын, тұман, қар жауып, кей аймақтарда желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.

Жетісу облысында түнде тұман түседі. Алакөл көлдері ауданында жел күшейіп, екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.

Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында түнде және таңертең тұман мен көктайғақ болады. Солтүстік-шығысында түнде 20–22 градус аяз күтіледі. Ақтауда да көктайғақ болжанған.

Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында және Петропавл мен Орал қалаларында тұман түседі.

Абай облысында түнде және күндіз қар, бұрқасын болады. Жел екпіні облыс орталығында 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Шығыс Қазақстан облысында қар жауып, бұрқасын соғады. Кей аудандарда тұман түсіп, жел екпіні күшейеді.

Қызылорда облысында көктайғақ пен тұман күтіледі. Қызылорда қаласында таңертең және күндіз жолдар тайғақ болады.

Ұлытау, Қостанай, Қарағанды облыстарында қар, жаяу бұрқасын және тұман болжанған.

Ақмола облысында оңтүстік пен шығыста аздаған қар жауып, жаяу бұрқасын болуы мүмкін.

Ал Алматы облысында 26–28 қаңтар аралығында тұман мен көктайғақ сақталады. Жел бағыты өзгеріп, облыстың шығысында екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Алматы мен Қонаев қалаларында түнде және таңертең тұман мен көктайғақ күтіледі.

Мамандар жүргізушілер мен тұрғындарды жолда сақ болуға шақырады.

Серіктестер жаңалықтары