Тікелей эфир

2,5 пайыздық несие алуға 760-тан астам адам ғана өтініш берді

Биыл барлығы 5 796 микрокредит беру жоспарланған.

Жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген микрокредит алуға 761 адам өтініш берген. Биыл барлығы 5 796 микрокредит беру жоспарланған, деп хабарлады Еңбек министрлігі.

Микрокредиттер 21 жастан 35 жасқа дейінгі, кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 5 жылдан аспаған жастарға өз ісін ашу немесе кеңейту үшін беріледі.

Несие шарттары:

  • Микрокредиттің мөлшері – 5 млн теңгеге дейін;
  • Қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылдан (кез келген мақсатқа), 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін);
  • Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды;
  • Кепілзат қою міндетті. Оған жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда ата-аналарын, туыстарын және тағы басқа адамдарды кепіл ретінде тартуға болады.

Микрокредит алушыларға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі беріледі. Ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Өтінім беру үшін құжаттар пакетін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалына тапсыру қажет.

  1. жеке басын куәландыратын құжат;
  2. жоба бойынша бизнес-жоспар;
  3. шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама;
  4. кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде);
  5. қатысушының/үміткердің жалақысын және өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде;
  6. кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;
  7. кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Микрокредит төмендегі мақсаттарға берілмейді:

  • тұрғын жылжымайтын мүлікті (оның ішінде малшылар үшін уақытша/тұрақты тұрғын үйлерді) сатып алу, салу немесе жөндеу, кез келген мақсатта жер учаскелерін сатып алу;
  • бағалы қағаздарды сатып алу (портфельдік инвестициялар);
  • қаруды (оның ішінде қару өндіруге арналған құрамдас бөліктерді), құрамында есірткі бар заттарды немесе азаматтық айналымнан алынған басқа да мүлікті өндіру немесе сатып алу;
  • ойын бизнесін ұйымдастыру және дамыту;
  • Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған террористік және кез келген өзге де қызметке байланысты қызмет;
  • моторлы көлік құралдарын шығаруды және өз өндірісіндегі жүзімнен шарап өндіруді, сондай-ақ темекі және алкоголь өнімдерін сатып алуды көздейтін жобалар, акцизделетін тауарларды/өнімдерді шығару;
  • кредиторлық берешекті өтеу;
  • бизнесті жүргізуге байланысты емес жеке тұтынушылық мақсатта.  

Микрокредиттер арнайы комиссияның шешімі негізінде беріледі. Оның отырыстарында үміткерлер өзінің бизнес-жобасын таныстырады.


Оқи отырыңыз: Жастарға арналған 2,5%-дық кредит. Кімдер, қашан және қалай алады?


Қазіргі уақытта микрокредиттер алуға өтінімдер 16 облыста және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қабылданады. Ал Шығыс Қазақстан облысында өтінімдерді қабылдау жақын арада басталады.

Серіктестер жаңалықтары