22 сәуірден бастап Қазақстанда пойыз билетін сату ережесі өзгереді

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Билет сатып алу мерзімі, ресімдеу тәртібі және мүгедектігі бар жолаушыларға арналған ережелер жаңарады.

22 сәуірден бастап Қазақстанда теміржол билеттерін сатып алу ережелері өзгереді. 

Құжатқа сәйкес, жолаушылар пойызына билетті сапарға 45 күн қалғанда сатып алуға болады. Сонымен қатар билетті пойыз жөнелтуге 10 минут қалғанда да алуға болады. Ал қала маңындағы пойыздарға билет сату мерзімі 10 күн бұрын басталып, пойыз жөнелуіне 10 минут қалғанға дейін белгіленген. Бұрын билет сату пойыз кетерден бір күн бұрын тоқтатылатын. 

Мүгедектігі бар жолаушыларға арналған арнайы купелерге билет ресімдеу тәртібі де өзгереді. Бұған дейін мүгедектігі бар жолаушылардың барлығы билет ала алса, енді басымдық:

  • қозғалыста қиындық көретін және көмекке мұқтаж І топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
  • 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға;
  • шұғыл медициналық көрсеткіштер бойынша жол жүретін адамдарға және оларды алып жүрушілерге беріледі. 

Бұл жолаушылар билетті сатылым басталған күннен бастап тек билет кассасынан ала алады. Қалған санаттарға жататын мүгедектігі бар адамдар арнайы купеге билетті тек пойыз жөнелуіне 7 күн қалғанда алады.

Сонымен қатар, қала маңындағы пойыздарға билет рәсімдеу талаптары да күшейтіледі. Енді касса, агенттік, терминал немесе интернет арқылы билет сатып алғанда жолаушының аты-жөні, әкесінің аты (болған жағдайда), ЖСН және жеке куәлік нөмірін көрсету міндетті. Бұған дейін мұндай талап нақты көрсетілмеген болатын.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары