Солтүстік Аралдың суы тағы 1 миллиард текше метрге көбейді, деп хабарлады Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл жарты жылдың ішінде Солтүстік Арал теңізіне 1,1 миллиард текше метр су келді. Осылайша бүгінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 21,4 миллиард текше метрге жетті.
"Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кіретін Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясының 86-шы отырысында тараптар суару маусымында Солтүстік Аралға ағын секундына кемінде 30 текше метр болады және 997 миллион текше метр су жіберіледі деп келісті. Қазір теңізге секундына 50 текше метр су келеді. Бір жыл бұрын ағын секундына 6 текше метр болған", – делінген хабарламада.
Солтүстік Аралды оңтүстіктен Көкарал бөгеті бөліп тұр. Осы құрылыс нысаны Солтүстік Аралда су деңгейін көтеруге мүмкіндік берді.
"Бөгет пайдалануға берілгеннен кейін Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне 46,6 миллиард текше метр су келді. Ал кейінгі жеті жылда теңізге 13,3 миллиард текше метр су құйылды. Кейінгі жылдары Солтүстік Аралдың су көлемі азайды. Алайда 2024 жылдың басынан бастап деңгейі қайта көтеріле бастады", – делінген хабарламада.