Тікелей эфир

Тоқаев Арал теңізі ресурстарын үнемді пайдалануға үндеді

Орталық Азиядағы мұздықтар көлемі соңғы 50 жылда 30 пайызға кішірейген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде көрші ел басшыларының назарын Арал теңізі және климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерге аударды.

"Климаттың өзгеруі аймағымыздағы судың басты көзі мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың Орталық Азиядағы көлемі соңғы 50 жылда 20, тіпті 30 пайызға кішірейген. Болашақта бұл Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысын бірнеше есе қысқартады. Бұның барлығы аймақтың азық-түлік, энергетика және экология салаларындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Сондай-ақ шұғыл шара қабылдауды талап етеді", – деді Қазақстан басшысы.

Ол бұл ретте, Қырғызстанның 2022 жылды Тауларды тұрақты дамытудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын қолдайтынын және Тәжікстанның 2025 жылды Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысын да уақытылы енгізілген бастама деп санайтынын атап өтті. 


Оқи отырыңыз: 


"Күш-жігерімізді жұмылдырмай, Орталық Азиядағы климаттың өзгеру салдарын еңсеру мүмкін емес. Сондықтан бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру үшін Қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы климаттың өзгеруіне қатысты келісілген саясат жүргізу жөніндегі Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынамыз. Мүмкіндікті пайдаланып, осы өзекті мәселеге қатысты аса маңызды деректер келтіре кетейін. Үкіметаралық сарапшылар тобының климаттың өзгеруі жөніндегі 1,5 градус туралы арнайы баяндамасында ғасыр соңында Орталық Азиядағы температура Цельсий бағаны бойынша 6 градусқа дейін көтеріледі деп болжанған. Бұл жаһандық температураның болжамды көтерілуінен екі есе артық. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 2724 мұздық бар. Ең үлкені Тұйықсу мұздығының көлемі соңғы 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген. Бұл мұздық жыл сайын 58 миллион тонна көлемінің шамамен 1 миллион тоннасын жоғалтады. Бұл 2040 жылға қарай су ресурстарының 20 пайыздан астам азаюына алып келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары