Өңірлік квота алған қандастарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылы қандастарға және Қазақстанға қоныс аударушыларға берілетін өңірлік квоталардың санын қоғам талқысына Ашық НҚА порталында ұсынды.
Бұйрық жобасына сәйкес, 2025 жылы:
- қандастарды қабылдауға арналған 2309 (2024 жылы 3033) өңірлік квота;
- қоныс аударушыларды қабылдауға арналған 7344 (2024 жылы 6450) өңірлік квота беру жоспарланып отыр.
Ескерту: 2024 жылғы көрсеткіштер шілде айындағы түзетулер бойынша беріліп отыр. Жыл басында белгіленген квота саны қандастар үшін 2433, ал қоныс аударушылар үшін 7050 болатын. Кейін министрлік қоныс аударушыларға тиесілі 600 квотаны қандастарға берді.
Оқи отырыңыз:
- 2024 жылы қандастарға берілетін квота саны 20 пайызға артады
- 2024 жылы қандастар мен қоныс аударушыларға қанша өңірлік квота беріледі
Еске салайық, "Халықтың көші-қоны туралы" заңына сәйкес, қандастарға келесі мемлекеттік қолдау көрсетіледі:
- Бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсету;
- ҚР денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмек көрсету;
- ҚР азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, ҚР Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiн беру;
- ҚР азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғау;
- ҚР заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдем беру.