Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде мемлекет басшысына 2025 жылғы қаржы нарығының қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар баяндалды. Агенттік төрағасының айтуынша, өткен жылы банк секторының орнықтылығы қамтамасыз етілген. Банктердің активтері 11 пайызға өсіп, 68,3 триллион теңгеге жетті. Ал капиталдың жеткіліктілігі 20,7 пайызды құрады.
Президентке банктер туралы жаңа заң, сондай-ақ инвестициялық қорлар мен рейтингтік қызметке қатысты заң жобалары әзірленгені мәлімделді.
2025 жылғы қарашадағы дерек бойынша бизнеске берілген кредиттер 17,9 пайызға артып, 14,8 триллион теңгеге жетті. Кәсіпкерлерге жалпы сомасы 17,5 триллион теңге көлемінде жаңа несиелер берілген. Банктер 2,3 триллион теңге болатын 8 ірі синдикатталған жобаны бірлесіп қаржыландырды. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында "Даму" қоры жанынан Кепілдік қоры құрылып, 505 миллиард теңгеге несие кепілдіктері берілді.
Сонымен қатар тұтынушылық кредит беру көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге азайған. Азаматтардың шамадан тыс қарыз алуын тежеу үшін бірқатар шектеулер енгізілді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары 703 мың адамның қарызын реттеп, ішінара кешірген. Ал жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енгеннен бері 56 мың адамның 209,7 миллиард теңге қарызы есептен шығарылған.
Қаржылық алаяқтықпен күрес аясында кредит беру кезінде "шешім қабылдау кезеңі" енгізіліп, алаяқтық жағдайында қарызды сот арқылы және соттан тыс тәртіппен есептен шығару тетіктері кеңейтілді.
2025 жылы агенттік тарапынан банктерге, сақтандыру, бағалы қағаздар және микроқаржы нарығы субъектілеріне жүздеген тексеріс жүргізіліп, 641,3 миллион теңге айыппұл салынды. 58 микроқаржы және коллекторлық ұйым лицензиясынан айырылды.
Кездесу соңында президент қаржы тұрақтылығын сақтау, экономиканың нақты секторын несиелеуді арттыру және қаржы қызметін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
USD:
463.1 / 465.9
EUR:
543.0 / 548.0
RUB:
6.05 / 6.17