Ішкі істер министрлігі жұмысының басты бағыттарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. 2024 жылы полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түскен. Бұған жауап ретінде шаралар: оның ішінде 72 мың қорғау нұсқамасы, сондай-ақ 16 мың жағдай бойынша сот шешімдері қабылданды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет дерегінше, бүгінде Қазақстанда 69 зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оған жыл басынан бері 5,5 мың әйел, оның ішінде 3,7 мыңы балалары бар ана жүгінген. Ішкі істер министрлігі күш-жігерінің нәтижесінде соңғы 5 жылда әйелдер құқығына қол сұғатын қылмыстар саны екі есеге, атап айтқанда, зорлық-зомбылық қылмыстары 37,9%-ға, оның ішінде кісі өлтіру 49,3%-ға және ауыр дене жарақатын салу 8,7%-ға қысқарды.
"Балалар құқықтарын қорғау және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Биыл 12 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді. Балаларды қорғау мақсатында еліміздегі әрбір мектепке ювеналды полиция қызметкерлері бекітіліп, олар тұрақты түрде бала құқығы бойынша сабақтар өткізеді және қылмыс жасауға бейім балаларды анықтайды. Оқу орындарында осыған орай 94 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды", – делінген Үкімет хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Ішкі істер министрлігі әскери қызметшінің баланы зорламақ болғанын растады
Сонымен қатар жыл басынан бері 35 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, оның ішінде суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын 127 сайт анықталды. Алдын алу шараларының нәтижесінде жасөспірімдер қылмысының саны 6%-ға төмендеді. Кәмелетке толмағандар жасаған кісі өлтіру 29%-ға, ұрлық 19%-ға, тонау 15%-ға төмендеген.
2024 жылғы 16 маусымда күшіне енген "Кейбір заңнамалық актілерге әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңның маңыздылығы жоғары. Енгізілген өзгерістер әйелдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, ал өзін-өзі өлтіруге және қорлауға итермелегендерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.