Бұл туралы Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті барысында белгілі болды. Ұйымның келесі жылғы саммиті Қазақстанда өтеді, деп хабарлады UzA агенттігі.
Бүгіннен бастап Өзбекстан уақытша төрағалықты Түркиядан алып, 1 жыл бойы жалғастырады. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияев ел президенті ретінде ұйымның уақытша төрағасы жұмысын атқарады.
Саммитте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрландыру орталығын, Түркі елдерінің Венчурлық қорын, сондай-ақ "Түркі жасыл қаржы кеңесін" құруды ұсынды.
"Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келеді. Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан, ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі Академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз:
- Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының цифрландыру орталығын құруды ұсынды
- 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасы өтеді
Борт №1 Telegram каналының хабарлауынша, Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
- Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің декларациясы;
- Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттама;
- Түркі мемлекеттері ұйымы рәсімдерінің ережелерін қабылдау туралы шешім;
- Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысын және оның орынбасарларын, сондай-ақ Түркі академиясының президенті мен вице-президентін тағайындау туралы шешім;
- Түркі инвестициялық қорын құру туралы шешім.