Тікелей эфир

2023-2024 оқу жылында университетке қанша балмен түсуге болады? ҰТО шекті балдарды жариялады

Әр пән бойынша шекті балл – 5 балл.

Ұлттық тестілеу орталығы 2023-2024 оқу жылына отандық жоғары оқу орындардарына түсуге арналған ҰБТ-ның шекті балдарын жариялады.

Шекті балдар өзгерген жоқ:

  • "Құқық" және "Педагогикалық ғылымдар" білім беру салалары үшін – кемінде 75 балл;
  • "Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)" – кемінде 70 балл;
  • "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" – кемінде 60 балл;
  • ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
  • басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл жинау керек.
  • Әр пән бойынша шекті балл – 5 балл.

Сонымен қатар, 2019 жылдан бастап академиялық еркіндік шеңберінде ЖОО-лар ақылы негізде де, грант бойынша да оқуға қабылдау үшін ҰБТ-ның өз шекті балдарын белгілеуге құқылы.

"Мысалы, бір түлек математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді деп алайық. Ол ҰБТ-да жинаған 80 балымен грант конкурсына немесе ЕҰУ-дың ақылы бөліміне тапсырғысы келеді. Сіздер білетіндей, "Педагогикалық ғылымдарға" шекті балл – кемінде 75 балл, ал ұлттық жоғары оқу орындарына – кемінде 65 балл. Түлектің жинаған балы оқуға қабылдау үшін жетіп тұр. Алайда, бұл университеттегі оның оқығысы келетін мамандыққа шекті балл 90-нан басталады. Демек, түлекке 80-нен төмен шекті балдары бар басқа университетті іздеу керек. Сондықтан оқуға құжаттарды тапсырар алдында талапкерлер жоғары оқу орындарының шекті балдарын білуі тиіс", – деді ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.  

Айта кетейік, 2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізімі жақын уақытта жарияланатын болады. 

Серіктестер жаңалықтары