2022 жылы Қазақстанда 700-ге жуық бала ұрлығы тіркелген. Олар неге ұрлыққа барады?

Былтыр кәмелетке толмаған 577 бала ұрлық жасаса, биыл бұл көрсеткіш 675-ке жетті.

Биыл елімізде 700-ге жуық бала ұрлық жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп. Қоғам белсенділері дабыл қағуда. Осы орайда "Астана" арнасы қалтаға қармақ салатын балалар неге көбейіп кетті деген сауалға жауап іздеді. 

Әр бала өмірінде бір рет ұрлық жасайды. Баламен жұмыс істейтін мамандардың пікірі осындай. Оң-солын білмейтін бүлдіршін қызығушылығын оятқан әр затты өз күшімен алуға тырысады. Алғашында оның арам іс екенін аңғармаған аңғал балапандар, кейін оның қалай әдетке айналғанын да байқамай қалады. Былтыр кәмелетке толмаған 577 бала ұрлық жасаған. Биыл бұл көрсеткіш 675-ке жетіпті. Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан, Түркістан облысында көп. Алматы қаласы мен Атырауда да мұндай жағдай жиі тіркеледі.

"Елордада жыл басынан бері кәмелетке толмаған балалар арасында 41 ұрлық жасалған. Жазалау шараларына келетін болсақ, басым бөлігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатыларында ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылады. Бірнеше адам ғана сотқа жіберіледі. Жасөспірімге қатысты қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін ол кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектордың жеке бақылауында болады. Өз баласын орға қимайтын әр ата-ана үшін бұл – ауыр. Оны мойындауы да қиын. Егер бала сол әрекетке барса, бұл ата-ананың қателігі дейді. Себебі, кішкентайлар ненің жақсы, ненің жаман екенін әлі білмейтінін айтады", – дейді Астана қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Нұралы Тәңірбергенов.

Блиц-сауалнамаға қатысқан тұрғындар ата-ана алдымен өзін тәрбиелеп, балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып отыру керек дейді. Ал психологтардың айтуынша, қалтаға қол салатындардың дені – ұлдар.

"Тұрақты түрде ұрлық жасайтындардың бәрі өліп таяқ жеген балалар. Ең бірінші жасалынатын жұмыс – баланы ұрғанды тоқтату керек. Ата-аналар оларға мүлде ақша бермейді. Яғни, аш қалдырады. Аш қалған бала ұрлық жасайды", – дейді психолог Серікгүл Сәли.

Мамандардың пайымынша, ата-ана мейірімін көрмей, жанжалдың арасында өскен балалар жиі ұрлыққа барады. Себебі, олар өздерінің мықты екенін осылай дәлелдегісі келеді. Айтуларынша, әр отбасы бала бойынан қандай да бір бейәдеп қылық байқаса, бірден қолға алу керек. Әйтпесе дабыл қағуды ұят көріп жүргенде, күресу қиын боп кетуі мүмкін.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар

Серіктестер жаңалықтары