18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай, жаһандық Museums Come Alive жобасының аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Almaty Museum of Arts серіктестігі аясында TikTok LIVE платформасында тікелей эфирдегі эксклюзивті экскурсиялар өтеді. Бұл көрермендерге еліміздің мәдени мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік береді.
Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде онлайн экскурсияны стример Жұлдыз Рахмет өз Tiktok парақшасында сағат 17:00 мен 19:00 аралығында жүргізеді.
Эфир барысында көрермендерге қазақстандық археологияның басты нышандарының бірі – Қазақстан аумағынан табылған алғашқы "Алтын адам" саналатын Есік Алтын адамы таныстырылады. Сонымен қатар бағдарламада Тобыл ойшы, сүйек ат және еліміздің ежелгі тарихы мен мәдени мұрасын ашып көрсететін басқа да артефактілер ұсынылады. Экскурсияның бір бөлігі палеонтология залына арналып, онда Қазақстан аумағынан ғалымдар тапқан көне жануарлардың қалдықтары көрсетіледі.
Ал Алматыдағы Almaty Museum of Arts кеңістігінде өтетін TikTok LIVE экскурсиясын стример Нұржанның парақшасында тамашалауға болады.
Платформа пайдаланушылары сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін нақты уақыт режимінде Шарын шатқалынан шабыт алған мұражайдың сәулетімен танысып, көрме залдарын аралап, қазақстандық заманауи суретшілердің туындыларын тамашалай алады. Эфир барысында көрермендер қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның "Я все понимаю" ("Мен бәрін түсінемін") атты ретроспективалық көрмесімен, сондай-ақ мұражайдың Орталық Азиядағы қонақжайлық дәстүрі мен көші-қон тақырыптарын арқау еткен "Қонақтар" көрмесімен танысады.
"Museums Come Alive бастамасы мұражайлар мен өнерді аудиторияға жақындатып, цифрлық буынға түсінікті әрі ыңғайлы пішімде ұсынуға мүмкіндік береді. LIVE-трансляциялар арқылы пайдаланушылар өздерін мұражай ішінде жүргендей сезініп, өнер мен тарихқа жаңаша көзқараспен қарай алады. Қазақстанның Museums Come Alive бастамасына қатысуы елдің мәдени мұрасын халықаралық TikTok қауымдастығына таныстырып, Қазақстандағы мұражайлар мен өнерге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді", – деді Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Кавказ өңірлері бойынша TikTok LIVE менеджері Дина Хамза.
Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін TikTok қосымшасында арнайы Museums Come Alive парақшасы пайда болады. Онда эфирлердің анонстарын көріп, жобаға қатысушы мұражайлармен танысуға және креаторлардың трансляцияларына тікелей өтуге болады.

