"Болашақ" халықаралық стипендиясы мен "Ғылыми тағылымдамалар" бағдарламасының жаңа иегерлері анықталды. Бұл жолы 179 магистрант, 12 докторант және бір бакалавриат студенті стипендия иеленді. Сонымен қатар 40 қазақстандық шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды. Стипендия иегерлерінің толық тізімі Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Telegram арнасында жарияланды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, "Болашақ" бағдарламасының басты мақсаты – Қазақстанға қажетті жоғары білікті мамандарды даярлау.
"Біз үшін "Болашақ" – шетелде білім алуға мүмкіндік беретін бағдарлама ғана емес. Бұл – адам капиталына және Қазақстан экономикасының болашағына салынған инвестиция". Стипендия иегерлері шетелде білім алып қана қоймай, Қазақстанға жаңа технологиялар мен халықаралық тәжірибені әкелуі керек. Биыл атом өнеркәсібі, медицина, инженерия, жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика және биотехнология сияқты бағыттарға басымдық беріледі", – деді министр.
Саясат Нұрбек Қазақстанға шетелдік университеттердің жай ғана түлектері емес, елдің технологиялық және экономикалық дамуына нақты үлес қоса алатын мамандар қажет екенін атап өтті. Министрдің сөзінше, жаңа стипендия иегерлері шетелде заманауи білім мен халықаралық тәжірибе жинап, елге оралғаннан кейін алған білімін Қазақстанның дамуына бағыттауға тиіс.
"Олар жаңа өндірістер құрып, озық технологияларды енгізуге және болашақтың жаңа салаларын қалыптастыруға үлес қосуы қажет. Мамандарымыздың елге жай ғана дипломмен емес, жаңа біліммен, технологиялармен және халықаралық тәжірибемен оралғаны маңызды", – деді Саясат Нұрбек.