Тікелей эфир

16 трлн теңге жаңа қарыз және банктердің әлеуеті: Корпоративтік несие көлемі қалай артады

Қазақстан үкіметі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті.

Мемлекет басшысы "Əділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына жолдауында экономикаға қатысты мәселелерді көтерді. Корпоративтік несиелеудің жеткіліксіздігі мəселесін түбегейлі шешу туралы да айтылған еді. 

"Корпоративті салаға берілетін несиенің жеткіліксіздік мәселесін шешу керек. Экономикаға ақша керек. Былтыр банктердің таза пайдасы бір жарым триллион теңгеге жуықтады. Ал осы жылдың бірінші жартысында – бір триллион теңгеден асып кетті. Банктер тиімді жұмыс істегеннің арқасында емес, негізінен Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстап тұрғандықтан, осындай мол пайдаға кенелді", – делінген президент жолдауында.

Содан кейін ел үкіметі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті. Құжатта банктерді корпоративтік кредиттеуге, оның ішінде фискалдық жəне пруденциалдық реттеу шаралары арқылы белсенді қатысуға ынталандыру жөнінде ұсыныстар əзірленді. Сондай-ақ жоспар кəсіпкерлерге жаңа кредиттер берудің жыл сайынғы өсімін кемінде 20% деңгейінде қамтамасыз етуге бағытталған.

"Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы" ЗТБ кеңесінің төрағасы Елена Бахмутованың айтуынша, 2023 жылы сауда, көлік, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласындағы кредиттің жартысы шағын кәсіпорындарға берілген. Ала ірі кәсіпорындар өнеркәсіп, байланыс саласында несие алған. 

"2023 жылғы портфельге қарасақ, шағын кәсіпорындар көш бастап тұр - 25,2%. Орта және ірі бизнесте қатты өсу байқалмайды. Орта бизнесте – 4%, ірі кәсіпорындар – 5%. Мемлекет басшысы бірнеше рет орта бизнесті ынталандыру қажет екенін айтты. 2023 жылдың қорытындысына көз жүгіртсек, банк секторы бизнеске 16 трлн теңге жаңа қарыз берді. Бұл 2022 жылдағы көрсеткіштен 22% көп. Шағын кәсіпорындарға берілген қарыз 53%-ға, орта бизнес –18%, ірі бизнесте 4%-ға артты. Бұл – қысқамерзімді несие, мұны екінші деңгейлі банктер бере алады. Несие беруді қалай ынталандыруға болады? Алдымен бизнес бұл несиені алуға дайын ба деген сұраққа жауап беріп көрейік. Ірі бизнес тарапынан несие алуға деген сұраныс 2023 жыл бойы төмендеген, алайда шағын бизнесте сұраныс артқан. Алайда былтыр банктер ірі кәсіпорындардың несие алуға деген сұранысының тең жартысын мақұлдаған. Алайда шағын және орта бизнесте бұл көрсеткіш 40%-ды көрсетті. Бұл елдегі бизнесте әлі де несиелік тәуекелдер жоғары екенін көрсетеді", – дейді Елена Бахмутова.

Айтуынша, базалық мөлшерлеме қазіргідей жоғары деңгейде тұрған кезде бизнестің басым бөлігіне несие алу қиынға соғады. Сол себепті бұл бизнестің несие алуға деген мүмкіндігіне тікелей әсер етеді. 

"Макроэкономикалық жағдай түзелмей, базалық мөлшерлеме қалпына келмей, корпоративтік кредиттеу туралы айтудың қажеттілігі жоқ", – дейді "Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы" ЗТБ кеңесінің төрағасы.

Бахмутованың сөзінше, банктер ауыл шаруашылығы саласына несие беруге құлықсыз. 

"Жалпы алғанда агроөнеркәсіптік саласына кредит беріліп келеді. Бірақ ол өндіріске және өңделетін ауыл шаруашылығы өнімдеріне бағытталған. 2023 жылы 742 млрд теңге несие берілді", – дейді ол.

Оның айтуынша, ұзақмерзімді несие беруде оң динамика байқалады. Мысалы, 2023 жылы байланыс саласында бір жылға берілген несие 94%-ды, көлік саласында 75%, ауыл шаруашылығы саласында 71%, өнеркәсіпте 49% көрсетті. Көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда өскен.

"Мемлекет басшысы бизнеске берілетін жаңа несие 20%-дан кем болмауы керек деген тапсырма берді. Бұл жоспар орындалды және банк тарапынан бизнеске берілген жаңа несие 2023 жылы 22%-ды көрсетті. Алайда бұл жеткілікті дегенді білдірмейді. Нарық атынан сөйлейтін болсам, былтырғы көрсеткішті сақтап қалу үшін корпоративтік сектордағы мәселені шешу қажет", – дейді Елена Бахмутова.

Серіктестер жаңалықтары