Қарағанды қаласында полиция балаларға арналған мекеме тәрбиеленушілерінен жүйелі түрде ақша бопсалап келген қылмыстық топтың жолын кесті. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Тергеу дерегінше, күдіктілер кейінгі алты ай бойы бірнеше жәбірленушіні алдап, қорқытып және күш қолдану арқылы 10 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Олар балаларды арнайы шоттарынан ақша шешуге, сонымен қатар микроқаржы ұйымдары арқылы несие рәсімдеуге мәжбүрлеген.
"8 қаңтар күні жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілер ұсталып, олардан автоматты қаруға арналған оқжатарлар мен жүзден астам оқ-дәрі тәркіленді", – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша бопсалау дерегімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта барлық күдіктілер қамауға алынған. Егер кінәсі дәлелденсе, оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Полиция күдіктілердің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
USD:
463.1 / 465.9
EUR:
543.0 / 548.0
RUB:
6.05 / 6.17