Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев апталық брифинг барысында Ресейде ақпаннан бастап гармала өсімдігіне (адыраспан) тыйым салынғанын және бұл үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, Ресейде адыраспанды қолдану, сату және сақтау заңмен қудаланады. Аталған істермен айналысқан азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 1 миллион рубльге дейін айыппұл төлеуі немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Ресейге аса ірі көлемде адыраспан апарған адамдарға 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
"Сондықтан Ішкі істер министрлігі шетелге шығуды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарына баратын елдің заңын біліп жүруді ұсынады. Шет мемлекеттердің аумағында тыйым салынған өсімдіктер мен дәрілік препараттарға назар аудару қажет. Өз сапарыңызға жауапкершілікпен және мұқият қараңыздар", – деді Шыңғыс Алекешев.
Оқи отырыңыз: Атасынан адастырмаған Адыраспан