Тікелей эфир

Наурыз мейрамына қарай қосымша пойыздар жолға шығады. Жаңалықтарға шолу

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Мәжіліс депутаттары Бас прокурордан балықтың жаппай қырылуына байланысты мәселені бақылауға алуды сұрады. Тарихтағы ең бай адамдар кімдер?

Қазақстанда неміс технологиясына сәйкес мың дәретхана салынады

Туристік саланы дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаға сәйкес салынатын заманауи дәретханалар еліміздегі ең көрнекі орындарға орналастырылады. Олардың арасында Бурабай курорттық аумағы, Алакөл көлі, Алматының таулы аймағы бар.

Көше дәретханаларын Астана, Түркістан, Маңғыстау облысының көшелеріне де орнату жоспары бар. Шенеуніктер оларды тұрғызуға бюджет қаржысы жұмсалмайтынына сенімді. Қазір олардың құрылысын жүргізуге дайын инвестормен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

"Алматы кітап баспасы" электронды оқулықты енгізуге арналған байқау жариялады

Оған электронды оқулық сынақтан өтіп жатқан 11 мектептің 1000 оқушысы мен 350 мұғалім қатыса алады. Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар электронды оқулықпен жұмыс істегендігі туралы бейнематериал жолдайды.

Екінші кезеңде конкурстық комиссия оқу орнына барып, электронды оқулықтың пайдаланылуын бақылайды. Осы жылдың мамыр айына қарай қазылар үздіктерді анықтайды. Байқауда "Үздік мұғалім", "Үздік оқушы" секілді аталымдар бар.

Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев колонияда жұмыс істеуден бас тартты

Түзеу мекемесінің басшысы Бағдат Асылбековтың айтуынша, ол тек түрмедегі мәдени бұқаралық шараларға қатысуға ниет білдірген. Экс-шенеунік 15 ақпанда Шымкенттегі колонияға ауыстырылған еді. Бір жыл бұрын 10 жылға бас бостандығынан айырылған Қ.Бишімбаев Шымкентте жалпы негізде, еш артықшылықсыз жазасын өтеп жатыр.

Наурыз мейрамына қарай қосымша пойыздар шығарылатын болды

Мейрамға қарсы халық сұранысының артуына байланысты төмендегі бағыттарға қосымша пойыз жолға шығады:

  • Астана-1 – Павлодар бағытындағы пойыз 19, 20, 21, 25 наурыз күндері бір бағытта;
  • Астана-1 – Павлодар бағытындағы пойыз 25 наурыз күні бір бағытта;
  • Павлодар – Астана-1 бағытындағы пойыз 20 наурыз күні бір бағытта қатынайды.

Сонымен қатар мереке күндері жоғары сұранысқа ие бағыттар бойынша 19-26 наурызда жолаушылар пойызына қосымша 220 тіркеме тіркеу жоспарланған. "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздар мен вагондар санын көбейтудің арқасында мейрам күндері қосымша 18 мыңнан астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

"Астана Моторс" қытайлық маркадағы Golden Dragon автобустарын шығара бастайды

Өндірісті осы айдың аяғында іске қосады. Қазірдің өзінде Алматыға автобус жеткізу туралы келісімге қол жеткізілген. "Астана моторс" құрамындағы Hyundai Trans Auto зауыты қытайлық Golden Dragon маркалы автобустарын өндіру мен сатудың ресми дистрибьютері болып бекітілген.

Golden Dragon – Қытайдағы ірі өндірушілердің бірі. Оның техникалары әлемнің 66 елінде пайдаланылады. Автобустардың бағасы 31,9 млн теңгеден басталады. Бұл елдегі өзге автобустардан 10%-ға арзан.

SCAT әуе компаниясы Boeing 737 Max ұшақтарын пайдалануды тоқтатты

Бұған дейін Эфиопия және Индонезияда мұндай ұшақтар апатқа ұшырағаннан кейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті осындай шешім қабылдады. Қазақстандық тізілімде бұл үлгідегі бір ғана әуе кемесі тіркелген.

SCAT әуе компаниясы олардың орнына рейске басқа ұшақтарды шығаратынын, осыған байланысты кестеге өзгерістер енгізілу мүмкіндігін хабарлады. Boeing 737 MАХ ұшағын әлемнің бірқатар елдері де пайдалануға тыйым салды.

Мәжіліс депутаттары Атыраудағы балықтың жаппай қырылуына алаңдаулы

Осыған байланысты бас прокурор Қайрат Қожамжаровтан тергеу барысын жеке бақылауға алуды сұрады. Мәжіліс депутаты А.Платонов зертханалық зерттеулер негізінде балықтардың жаппай қырылуының факторы ретінде аталған аммиакқа қатыстыны тек болжам дейді.

Құзырлы органдар әлі күнге дейін ресми қорытынды жасамағанын алға тартып, тергеудің ұзаққа созылғанын да тілге тиек етті. Депутат жүздеген тонна балық өлген суды жергілікті тұрғындардың пайдаланып отырғанына алаңдаушылық білдірді.

Тергеушілер мен жедел қызметкерлердің жалақысы 120 мыңнан 170 мыңға дейін өседі

Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев осылай деп мәлімдеді. Айтуынша, осы мақсатта ведомство штаты 10 пайызға қысқартылған. Салада бұдан басқа категориядағы жұмысшылардың да жалақысын 25 пайызға көтеру жоспары бар. Полиция қызметкерлері жоғары жалақыға биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап қол жеткізеді.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Тарихтағы ең бай адамдар – кімдер? Forbes жариялаған миллиардер тізіміндегі Amazon компаниясының негізін қалаған Джефф Безос – әлемдегі ең бай адам деп танылды. Оның байлығы 131 млрд долларға бағаланды. Ол бүгінгі таңдағы ең бай адам саналады. Ал, адамзат тарихындағы ең бай XIV ғасырда Батыс Африканы билеген Мансе Мусе. Қазіргі таңда оның бар байлығының қанша болғанын айту мүмкін емес. Алайда, бір белгілісі, ол мемлекет экономикасын құлдыратып жіберген.

Baq.kz: Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы. 14 наурызда Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде жаяу бұрқасын, тұман, көктайғақ болады. Түнде оңтүстік-батыстан соққан желдің күші кей жерлерде 15-20 м/с, күндіз 15-20, кей жерлерде екпіні 25 м/с жетеді. 15 наурызда батыстан, солтүстік-батыстан соққан желдің күші 15-20, кей жерлерде екпіні 23-28 м/с, күндіз кей уақыттарда 30 м/с және одан да жылдам, бұрқасын соғуы мүмкін. Кей жерлерде көктайғақ, бұрқасын болады.

24.kz: Шымкент әкімдігі жабық кабинеттер мен есік алдындағы күзеттен бас тартпақ. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Д.Жуминнің айтуынша, қала әкімінің орынбасары, яғни өзі және бес басқарма кабинеттік жүйеден ашық кеңселік кеңістікке өтеді. Олардың арасын да қабырға бөлмейді. Қабылдау бөлімдері, хатшылар мен көмекшілер болмайды. Басшылардың кабинеттері әйнекпен қапталады. Алдағы уақытта ашық есік саясаты жүзеге асырылады. Екіншіден, есік алдын полиция қызметкерлері күзетпейтін болады. Шенеуніктер кәсіпкер, инвестор, қарапайым тұрғын болсын ешқандай тексерусіз азаматтарды қабылдайды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары