Астанада көктемгі күн мен түннің теңелу мерекесіне орайластырылған халықтық серуендер наурыздың 21-нен басталады.
Мерекеге орай, қаладағы алты алаңда киіз үйлер тігіліп, этноауылдар ашылады. Мерекелік концерттік бағдарламалар, қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату және армрестлинг сияқты ұлттық спорт түрлерінен күш сынасуды осы жерлерден көруіңізге болады.
Бауырсақ, палау, наурыз көже, ірімшік тағамдарынан дәм татып, алтыбақан тебе аласыз.
21 наурызда жұлдыздар күреседі
Мерекеге орай Қазақ күресінен алғаш рет жұлдыздар арасында "Өнер Барысы" республикалық турнирі ұйымдастырылады.
Дүбірлі дода сағат 14:00-де "Дәулет" спорт кешенінде өтеді. Елімізге танымал артистер мен музыканттар боз кілемге белдесуге шығады. 20-дан астам палуанның ішінде бірде бір кәсіпқой спортшы болмайды.
Тек әншілер, айтыскерлер, актерлер, көңілді тапқырлар алаңының (КТА) қатысушылары болады.
Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин, Ардак Байғабыл, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Хамит Ердехан және басқалары күш сынасады.
Елбасын қолдауға арналған флешмобқа қатыса аласыз
21 наурызда сағат 15.00-де Достық үйі алаңында (Б.Момышұлы көшесі, 24/9) Наурыз мейрамын тойлауға және Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевты қолдауға арналған флеш-моб өтеді.
Оған елордалық жастар, "Жаңғыру Жолы" республикалық жастар қозғалысы өкілдері мен сіз де қатыса аласыз.
Шараны ұйымдастырушы Қазақстан халқы Ассамблеясы.
Футболдың жанкүйері болсаңыз...
Сол күні сағат 21:00-де "Астана арена" стадионында футболдан Еуропа Чемпионаты-2020 (EURO-2020) іріктеу аясында Қазақстан мен Шотландия құрама командаларының кездесуінің куәсі бола аласыз.
Ашық алаңдағы шараларды тамашалағыңыз келсе, 21- 22 наурызда:
- Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл монументінің жанындағы алаңына (ЭКСПО ауданы),
- әкімдіктің алдындағы Қалалық алаңына
- Қазақ Елі монументінің алдындағы алаңына
- Жетісу саябағына
- "Жастар" сарайының алдындағы алаңына
- "Жастар" театрының (ескі вокзал аумағы) жанына келіңіз.
Айтыс та, концерт те, көрме де бар
Тақырыптық музей–киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүрлерді, театрландырылған қойылымдарды көрсету, айтыс пен қазақстандық эстрада жұлдыздарының және қалалық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттер ЭКСПО көрме кешені аумағында өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, қышшылардың, зергерлердің, киіз басушылар мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қолынна шыққан бұйымдарымен таныса аласыз.
Қала маңында...
Тұрғын алаптарында да халықтық серуендер форматында мерекелік шаралар ұйымдастырылады. 18-наурыздан бастап Казгородок №55 Орта мектеп, Өндіріс №49 Орта мектеп, Теміржол, Интернационал, Мичурин, Өндіріс, Қала маңындағы Жаңа аэропот көшесіндегі "Хозяюшка" дүкенінің алдындағы алаңда , Үркер, №69 мектеп-гимназиясының алдындағы аумақ, Көктал-1 "Наз" Мемлекеттік би театрының аумағында, Көктал-2 №68 Ота мектеп алдында Ұлыстың Ұлы күніне орай мерекелік шаралар өтеді.
Аулаларда:
"7-Я", "Ақбұлақ таун", "Қайнар", "Апато", "Достар", "Саламат", "Зерде" тұрғын үй кешендерінің ауласында мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады.
24 наурызда:
Наурыз мейрамына орай Есіл өзенінің жағасында қалалық триатлон-паркінде Astana Nauryz Marathon ірі қайырымдылық спорттық шарасы өткізіледі. Жарыс жолына шыққан мыңнан аса адам төрт қашықтыққа жүгіреді, кәсіпқойлар – 21 км, әуесқойлар – 10 км, енді ғана жүгіре бастағандар – 5 км, балалар мен жас спортшылар – 500 метр.Марафон ақылы, оған қатысқыңыз келсе, мына сілтеме бойынша тіркеле аласыз.
Алматыда жеті алаңда мерекеленеді
- 21-24 наурыз аралығында түрлі концерттерді, жәрмеңкелерді, фестивальдар мен көрмелерді тамашалай аласыздар.
- 22, 23 наурызда Астана алаңында;
- 21-24 наурызда Панфилов көшесінде;
- 21-24 наурызда Жібек жолы көшесінде;
- 22 наурызда "Almaty Arena" Мұз айдыны маңында;
- 22 наурызда "Нalyk Arena" Мұз айдыны маңында;
- 23 наурызда "Сұңқар" Халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінің маңында;
- 22 наурызда "Атакент" көрме кешенінің алдындағы алаңда өтеді.
Айтпақшы, мерекеге орай қаланың нышанына айналған Тиіннің басына ашық бояулы тақия кигізіп, қолына жаңғақтың орнына қызғалдақ ұстатады.
22 наурызда "Атакент" алдындағы алаңда қазақтың Жаңа жылына арналған NowRyz party фестивалі өтеді.
Сол күні "Астана" алаңында Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, Мөлдір Әуелбекова сынды әртістер, "Рензо", "Меломен", "Аянат", "Назар" сынды топтардың өнерін көре аласыз.
Сол жерде 23 наурызда, кешкі сағат 19:00-де МузАРТ тобы үлкен бағдарламасын ұсынады.
Даршылар, моноциклистер мен Алтын адам
Фестиваль ұлттық қазақ ою-өрнекпен безендірілген арнайы "сфера" – киіз үйлер маңында өтеді. Бірнеше киіз үйде шеберлік сабақтары өтеді: онда қалайтындарды қобыз, домбыра тәрізді ұлттық аспаптарда ойнауға, ұлттық бұйымдар мен ою-өрнек жасауға үйретеді.
Мерекелеу кезінде барлығы ұлттық нақыштағы шамамен 150 инсталляция орнатылады, олардың ішінде: Алтын адам туралы аңыздың, Қазақ Хандығы билеушілері туралы тарих пен аңыз-дастандардың кейіпкерлері кездеседі. Әр инсталляция тек сәндік тұрғыда емес, сонымен қатар ақпараттық қызмет де атқаратын болады. Орнатылған ақпараттық экрандардан мереке өтетін орындар мен олардағы ойын-сауық бағдарламалары туралы білуге болады.
22 наурызда:
"Атакент" алдындағы алаңда қазақтың Жаңа жылына арналған NowRyz party фестивалі өтеді. Дәстүрлі ойын-сауықпен қатар моноциклистердің әсірезаманауи шоуын ұсынады.
Бірнеше метр қашықтықта адамның мүмкіндіктерін және сәнді көліктік гаджеттер туралы стереотиптерін бұзатын жаңа акробатиканы көре аласыз.
Диджейлер күні бойы көшпенділер нақышындағы әуендерді ойнайды, дәстүрлі әуен мен үйлесімдерді заманауи – jazz, funky, rock пен fusion стилінде өңдеп ұсынады.
Асық ату, арқан тарту, алтыбақан тебу тәрізді ұлттық спорт ойындары да өтеді.
Әлемнің 6 елінен 170 қол өнер шебері келеді
Шеберлер көрмелер мен жәрмеңкелерде, келушілерге өз өнерлерін таныстырып,шеберлік сабақтарын береді.
Онда шетелден келген қолөнер шеберлері де болады: Түркиядан келген қолөнершілер әдемі ыдыс-аяқ пен шыны әшекей жасауды үйретсе, якут зергерлері асыл тастар туралы айтып береді, ал қырғыз шеберлері ерлерге ат әбзелдерін жасауды көрсетеді.
Сонымен қатар, жәрмеңкеде қышқа және жібек матаға өзбек нақышындағы ою-өрнек салуды, әйгілі түркмен кілемін тоқуды үйретуден қызықты сабақтар өткізіледі. Ұста қолынан жаңа шыққан музыкалық аспаптарда ойнап көруге мүмкіндік беріледі.
Алматы, Петропавл, Ақтау мен Түркістаннан келген шеберлердің темірден, қыштан, киіз бен ағаштан жасалған бұйымдарымен таныса аласыз.
60 тонна көже мен бауырсақ таратылады
Баршаға дәстүрлі мерекелік тағамдар – көже мен бауырсақ таратылады.
Наурыз мерекесінде қала тұрғындарын дәмді көжемен тойдыруға Алматы қаласының пәтер иелері кооперативтері де атсалысады. Мереке, яғни 22 наурыздан бастап, тура бір айға, 21-ші сәуірге дейін жалғасады. Жоспар бойынша барлығы 60 тонна көже мен бауырсақ таратылатын болады.
Міндетті дәмнен өзге, қаланың жеті ірі аймағында өтетін жалпы халықтық серуендерге келушілер ұлттық дала асханасының өзге де тағамдарынан дәм тата алады.
Ауа райы болжамына сенсек
Демалыс күндері Астанада күн ашық, ауа температурасы күндіз 2-4 градусқа дейін жылынады.
Алматыда күн 15-17 градусқа дейін жылынып, 21 наурызда күн ашық, 22-24 наурызда күн ала бұлтты болады деген.