Мәжіліс бүгінгі жалпы отырысында алты мәселені қарап, алты депутаттық жолдауды тыңдады. Айтпақшы, Парламент палатасында министр ретіндегі дебютін жасаған Руслан Дәленов журналистерді таң қалдырды.

Үкімет отырысынан соң тілшілердің әрбір сұрағына жауап беретін, тіпті, сурет, кестелерін көрсетіп, түсіндіретін министр қатты асықты ма, Парламентте камерадан "қаша" жөнелді. Бірақ, Әбілқасымованың қандай бағытта жұмыс істейтінін сұрап үлгердік.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кезінде Үкіметпен бірге отставкаға кеткен Әбілқасымова – қазір Ұлттық экономика вице-министрі. "Әбілқасымова ханым халықаралық мәселелермен айналысады", – дейді Руслан Дәленов.

Нұрлан Нығматулин Әділет министрін не үшін мақтады?

Мәжілісте қаралған мәселелердің бірі – "Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялау" туралы заң жобасы. Бұл құжат Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттерде авторлық құқықтың бұзылмауын қадағалайды.


Әділет министрі Марат Бекетаев

Әділет министрі Марат Бекетаев / Сурет informburo.kz

Бұл жерде "ұжымдық негізде басқару" дегенге назар аударған Әділет министрі Марат Бекетаев авторлық құқықты сақтаудың бұл түрі телеарналарға да, авторларға да тиімді дейді.

– Келісім қазақстандық авторлардың құқығын ұжымдық басқару арқылы қамтамасыз етуге бағытталған. Авторлардың Еуразиялық одақ аумағында сыйақы алу құқығы енді іс жүзінде ұжымдық басқару арқылы жүеге асады, – деді заң жобасын таныстырған министр.

Мәжіліс төрағасы Бекетаев пен депутаттарды тыңдап болған соң, Әділет министрлігінің, соның ішінде әрине, Марат Бекетаевтың осы заң бойынша жақсы жұмыс істегенін айтты.

– Шын мәнінде өте керек заң. Бұл жерде Әділет министрі Марат Бекетаевтың, жалпы, жұмыс тобының өте жақсы жұмыс істегенін айту керек. Жақсы заң жобасын әзірлеген, – дейді Нұрлан Нығматулин.

"Заң Димаш Құдайберген үшін қажет деп ойлаймын"

Марат Бекетаевтың айтуынша, автор енді өзінің туындысын қорғап, сыйақы алу үшін әр телеарнаға, әр мейрамханаға өзі жүгірмей, ұжымдық басқару ұйымдарының қызметіне жүгінсе болады. Қазақстанда ондай тоғыз ұйым бар. Министр Димаш Құдайбергенді мысалға алды.

– Қазір Димаш Құдайберген (Қазақстанның жас әншісі – авт.) үшін осы мәселе өзекті болып тұрған шығар. Ол әлемге танылып жатыр. Егер оның әні басқа елдердің телеарналарында көрсетілсе, ұжымдық басқару компанияларына жүгініп, әр көрсетілімнен сыйақысын алуына болады, – дейді министр.

Ол айтып тұрған ұжымдық басқару компанияларының әрине, тегін қызмет етпейтіні белгілі. Министрдің айтуынша, ұжымдық негізде жұмыс істейтін компаниялар авторға тиесілі сыйақының ішінен 30 пайызға дейін қаражат тартып қалуына болады.

– Димаш Құдайбергеннің сыйақысы неше теңге екенін білмеймін, – деген министрге журналистер 1 млн теңгені мысалға алып, айтып беруін сұрады.

– Онда Димаш 700 мың теңгесін, ұжымдық негізде оның құқығын қорғаған компания 300 мың теңге алуы мүмкін, – деп түсіндірді.


Оқи отырыңыз: Димаш – миллиард жанкүйері бар адам. Әншінің фанаттары туралы


Анатолий Стати ісі: Италияда Қазақстанның құнды активтері жоқ

Парламентке қазақстандық авторлар мен орындаушылардың құқығын қорғаймын деп келген Марат Бекетаев атышулы Стати ісіне қатысты да сұраққа жауап беруге мәжбүр болды.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылы молдавиялық кәсіпкерлер – ағайынды Анатолий Стати мен Габриэль Стати Латвия банкі арқылы Қазақстанда газ өңдеу зауытының құрылысына арналған 167 млн долларды алып кеткен болатын. Кейін екі бизнесмен Англия, АҚШ соттарына шағымданып, Қазақстанды сотқа берген. Сондықтан, Қазақстанның Ұлттық қорына тиесілі 22 млрд доллар бұғатталған болатын. Бұл әрине, үлкен дау тудырды.

Оншақты жыл соттасқаннан кейін Қазақстан Статидің алаяқтық схемасын әшкерелеп, былтыр мамырда Бельгия соты Ұлттық қордың 21,5 млрд долларынан бұғатты шешкен болатын.

Стати қайтадан Италия сотына жүгінген. Жуырда, 5 наурыз күні Италия соты 1 наурызда қабылдаған шешімін жария етті. Онда Қазақстан Статиге 500 млн доллар өтемақы жасауға міндеттелген. Осы сұрақтарға қатысты Әділет министрі Марат Бекетаев былай дейді:

Ұлттық қордың 21 млрд теңгесі бұғаттан шықты және ол ақшаға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ол яғни, нақты сомасы 21,5 млрд доллар ақша басқа банкке ауыстырылды. Қай елдің банкіне екенін мен айта алмаймын, ол – Ұлттық банктің құзіретіндегі мәселе.

Ал, қалған 500 млн доллар әлі Лондонда, Bank of New York Mellon-да бұғатталып тұр. Аз ақша емес. Бұл қаражаттың мәселесі енді 1-1,5 жарым жылда шешілуі мүмкін.

Ал, Италия сотының шешіміне қатысты Бекетаев қатты алаңдауға негіз жоқ дейді. Себебі, Италия елінде Қазақстанның еш активі жоқ. Тек, елшілік ғимаратын айтпағанда...

Иран Қазақстаннан тауардың 1000 түріне баж жеңілдігін сұраған

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин баяндамашылар арасынан Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовті дебютімен құттықтап, табыс тіледі. Дәленов министр ретінде бүгін Мәжіліс мінберіне бірінші рет шығып тұр.

Ұлттық экономика министрі ЕАЭО-қа кіретін елдер мен Иран Ислам Республикасы арасындағы "Еркін сауда аймағын құруға әкелетін уақытша келісім туралы" заң жобасын таныстыра келген.


Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Парламентте

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Парламентте / Сурет автордікі

Заң жобасында ЕАЭО-ға кіретін елдер Қазақстан нарығына кейбір тауарларын төмендетілген баж салығымен енгізе алатыны жазылған. Депутат Арман Қожахметов осы мәселеге қатысты министрден: "Келісімге сәйкес, ЕАЭО тарапынан мазут, мотор майы секілді мұнай өңдеу өнімдеріне, сондай-ақ, көкөніс, яғни қызанақ, картоп, қияр, тәттілер мен бірқатар өнеркәсіптік тауарларға баж мөлшерлемесі төмендетіледі. Бірақ бұл тауарлар өз елімізде де өндірілетінін ескерсек, мөлшерлеменің төмендеуі қазақстандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әсер етпей ме?" деп сұрады.

Министрдің жауабына сүйенсек, келісім жүргізген кезде, тараптар барынша көп жеңілдікке ие болғысы келген екен. Әуел баста Иран тауардың 1000 түріне жеңілдік сұраған, Қазақстан оны 502-ге дейін қысқартқан.

– Біз тауар импортына мүдделі екенімізді атап өткім келеді, әсіресе бұл цитрус, жаңғақ, алма секілді тауарларға қатысы. Жемістерге қатысты айтсам, ставка сәл ғана төмендетілді, бұрын 10-15 пайыз болса, енді 5-11 пайыз болады. Мазутқа жеңілдік бұрын 5 пайыз болса, енді 2,5 пайыз. Бұл отандық тауар өндіруілерге, бәсекелестікке кері әсерін тигізбейді. Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан да Иранға экспорттайтын тауарлар бойынша жеңілдіктер алады. Бұл бидай, арпа, ет және тағы басқа, – деп жауап берді Дәленов.

"Өңірлерді аралаңыз, Дәленов мырза!"

Депутаттың сұрағы өте орынды екенін ескерткен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин де Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің халыққа жақын екенін байқапты.

– Руслан Ерболатұлы, депутат орынды, дұрыс сұрақ қойып отыр. Сіз жұмысыңыз үшін базардағы тауар бағаларының суретін жақсы пайдаланады екенсіз, соған қарағанда, базар аралайтын сияқтысыз. Мұның өзі жақсы. Енді өңірлерді араласаңыз, тағы бір проблеманы көресіз, – деді Нығматулин. – Биыл бүкіл Қазақстан бойынша картоп, қиярдан түскен егін сатылмай қалды деуге болады, оның бірден бір себебі – нарық толып кеткен. Базарымызға екіжақты келісім бойынша арзан салықпен келген тауарлар толтырып тастады деуге болады. Сондықтан, істің адамы ретінде осыны назарыңызда ұстаңыз.

– Нұрлан Зайроллаұлы, аталған мәселені бақылауға аламын, – деп Дәленов қысқа жауап берді.

Өзіңізге ыңғайлы жерден informburo.kz оқыңыз:

Facebook | Instagram | Telegram

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter