Тікелей эфир

"Мың естігеннен бір көрген артық" – Қытайға бара қалсаңыз, адаспаудың жолын біліңіз (жалғасы)

cameralabs.org сайтынан алынды
cameralabs.org сайтынан алынды
Қытайға виза алудың, барудың түрлі жолдары туралы алдыңғы мақалада тәптіштеп айтқанбыз. Енді бұл елде қалай жүріп-тұру керек? Бүгінгі әңгімеміз осы бағытта.

Егерде жолыңыз түсіп, Қытайға бара қалсаңыз, алдыңыздан қиындық та, қызық та қатар кезігеді. Теңіздей толқыған көп нөпірдің арасында жалғыз тамшыдай кілкіп бара жатқанда ең маңыздысы ешқандай қорқудың қажеті жоқ. Қиналып қалсаңыз, кез келген адамнан, мүмкіндігінше, сақшылар мен банктерден көмек сұрасаңыз жетіп жатыр.

Қытайда өмір де, тұрмыс та, түсінік те басқа. Үлкен тасқынның ішінен өзіңізге қажетті бір нәрсе көре алсаңыз, онда саяхатыңыздың жемісті болғаны. Сондай үлкен елді көргеннен кейін де көп ой түсері хақ. Ұрпақтың қамы үшін, ұлттың қауіпсіздігі үшін қандай істер істеуге тиісті екенін де бағамдайсыз. Күндіз-түні, ұйқы-күлкісіз еңбектенген жұртты көріп үлгі аласыз, сергек те, байқампаз болуға тырысып, өзіңізді соған жетелейсіз.

Такси – ең сенімді көлік

Қытайда "бомбила"-таксилер жоқ. Жеке көлікпен келе жатсаңыз, жолда қол көтерген жолаушыны ала кетуге болмайды. Заңсыз таксиге тиым салынған. Заңдыларына біртұтас электронды бақылау қондырғылары мен арнайы түбіртек (чек) беретін жабдық орнатылған.

Көздеген жерге жеткен соң, отырған таксиіңізден ақша төленгені туралы түбіртекті алуды ұмытпаңыз. Онда сізге қызмет көрсеткен такси паркі туралы толық мәлімет болады.

Оқи отырыңыз: Қытай қаупі әлемдік тақырыпқа айналды. "Барлық бәле Қытайдан" деу дұрыс па?

Егерде бір затты ұмыт қалдырсаңыз, не жалған ақша қайтарып берген жағдайда, түбіртектегі байланыс телефонына хабарласасыз, не ондағы басқа ақпарат арқылы таксисті тез таба аласыз. Сондықтан тек заңды таксимен жүрген жөн. Ал алыс аралықтағы жолдар үшін ұшақ пен пойыз дұрыс. Олар салыстырмалы түрде арзан, таза әрі тез.


Үрімжі қаласындағы таксилерде жүргізуші мен кленттер арасына қауыпсіздік кедергілерін орнатады.

Үрімжі қаласындағы таксилерде жүргізуші мен клиенттер арасына қауіпсіздік кедергілерін орнатады және түбіртек беру міндеттелген / Сурет baidu сайтынан алынды


Ішкі Қытайда мұсылманша тамақ табу қиын

Әрине, ұзақ жолдан кейін шекарадан кіре қарныңыз ашады. Үлкен қалалардың бәрінде, шетелдік туристер көп келетін өңірлерде мұсылманша асханалар табылады. Шинжиаңнан басқа өлкелердің барлық үлкен қалаларында мұсылман тамағын табудың өз қиындығы бар. Ал қонақтар көп бара бермейтін шағын қалаларда мұсылман асханасын табу мұң. Сондықтан баратын жеріңде қалай тамақтануға болады, сол жағын алдын ала ұғынып алған жөн.

Ішкі Қытайда жүргенде мүмкіндігінше жақсы тамақтану орайы бар қонақ үйлерді таңдаған дұрыс. Егер жұмыс бабымен барсаңыз, әріптестеріңізге алдын ала ескерту керек. Кафе-бар, ресторандарда көңіліңіз сүйетін тамақ табылмаған жағдайда дүкендегі тамақ түрлеріне жүгінген дұрыс.

Ыстық тамақ ішкіңіз келсе, мына жағдайды ескеріңіз. Қытайлар әдетте ащы, етсіз, көкөністері мол тамақтарды жеуді ұнатады. Оңтүстік теңіз жағалауында балық көп тұтынылады. Тамақтың түрлері де көп.


Қытайға мұсұлмандардың көзімен қарағанда.

Қытайға мұсылмандардың көзімен қарағанда / Сурет informburo.kz


50 миллионға жуық мұсылман бар

Қытайда дұнған, ұйғыр, қазақ, қырғыз, дұғшиаң, сала, татар, өзбек, қырғыз, тәжік сияқты ұлттар ислам дініне сенеді. Олардың жалпы саны 50 миллионға жуық.


Қытайдың қашқар қаласындағы құрбан айт

Қашқар қаласындағы құрбан айт / Қытай жаңалықтары сайтынан алынды



Құрбан айтты тойлаған қазақтар.

Құрбан айтты тойлаған қазақтар / Шинхуа агенттігі сайтынан алынды.


"Бір елде екі түзім" саясаты

Қытайда Шиаңгаң (Гонконг), аумын (Макао) және басқа да әкімшілік және экономикалық ерекше округтердің өз жеке заңы мен саясаты болады. Шиаңгаң ( Гонконг), аумын (Макао) ерекше әкімшілік округтері бұрынғысындай батыс елдерінің демократиялық басқару түзімін қолданады. Басшыларын Қытай билігі емес, жергілікті халық таңдайды. Жергілікті жағдайға қарай виза беріледі. Мысалы, Қазақстан азаматтары Шиаңгаңға 15 күнге визасыз бара алады.


Шиаңгаң ерекше әкімшілік округі

Шиаңгаң (Гонконг) ерекше әкімшілік округі / Сурет vcg.com сайтынан алынды


Қазақстан азық-түліктерін қатты бағалайды

Болат Әбікен. Зейнеткер: "Біз Бейжіңдегі бір Қытай жолдасымыздың үйіне барғанда, мақтанып «Сарыарқа» деген жазуы бар ұнды алып шықты. Бұл кісі Қытай партиясы орталық комитетінің үлкен басшысы болатын. Олардың өте жоғары лауазымды басшылары мен қызмет орындарының асханалары біздің Қазақстанның ұнын тұтынады екен".

Соңғы екі жылдан бері де Қытайға шығарылған ұн, сұйық май қатарлы азық-түліктің мөлшері көбейген. Мұны Қытай үкіметінің шеттен кіргізетін азық-түлікке бөлген квотасының көбеюінен де аңғарамыз. Қазір Шаңхай, Үрімжі қатарлы қалаларда Қазақстанның азық-түлігін сататын арнаулы дүкендері пайда болыпты.

Кәсіпкерлер уәдеге берік

Гүли Қабыл, Иу қаласында тұратын жеке кәсіпкер: "Біз осыдан 3 жыл бұрын бір зауыттан біраз зат алдық. Тіптен артық 5000 юань ақшамызды да ешқандай келісім-шартсыз, қолхатсыз қалдырған едік. Осы 2017 жылы өздері ақшаны алып кетуімізді сұрады. Ешқандай кедергісіз бере салды".

Қытайдағы үлкен кәсіпкерлердің түсінігінше, адалдық пен тазалық – кәсіптің өрге басуының кілті.

Жалған заттар өте көп

Әр жерде жақсы мен жаманның қатар жүретінін ұмытпаған жөн. Қытайда отбасылық цехтар өте көп, әрі оларды үкімет толық бақылай алмайды. Уақытша пайданы көздеп, жалған зат өндірушілерді көп адамдар парықтай бермейді. Тіптен, кей пысықайлар тура оригинал заттарға ұқсатып жасағандарын сатып әкеліп, елді алдап жүргенін көріп жүрміз.


Сақшылар жалған сиыр етін тексеруде

Сақшылар жалған етті тексеруде / Сурет baidu.com сайтынан алынды.


Бала ұрлағандар атылатын ел

Қытайда бала ұрлығы қатты асқынған. Тіптен қолдан тартып әкеткен жағдайлар да болыпты. Жылына 2 миллионнан астам бала ұрланады. Ал олардың көпшілігі табылмайды екен. Балаларды құлдықта ұстау, адам мүшелерін сату және басқа мақсаттарда пайдаланады деген қауесет те бар. Сол үшін 2017 жылдан бастап бала ұрлағандар үшін өлім жазасы енгізілді.


Жоғалған баланы іздейтін еріктілер.

Жоғалған баланы іздейтін еріктілер / Сурет baidu.com сайтынан алынды



Тұтқындалған бала ұрлаушылар.

Тұтқындалған бала ұрлаушылар / Сурет baidu.com сайтынан алынды


Бала болсын, үлкен болсын адасып калғандарға банк көмектеседі

2017 жылдан бастап Қытай үкіметі қандайда бір қиындыққа душар болғандарды банкке баруға шақырады. Банк адамдарға көмектесуге міндетті. Бұл банктер мен олардың бөлімшелерінің көптігінен болса керек. Адасып кетсеңіз не басқа да бір қиындыққа кезіксеңіз, сақшыларды кездестіре алмаған жағдайда, кез келген банк бөлімшесіне барып, көмек сұрауыңызға болады.


Адасып қалғандар банкте табысады.

Адасып қалғандар банкте табысады / Сурет baidu.com сайтынан алынды


Шинжиаң (Синциян) автономды округі мен Қытайдың басқа провинцияларын салыстыра алмайсыз

Соңғы 5-10 жылдан бері Қытайдың батыс өлкесінде ұлтаралық жағдай ушығып тұр. Соған байланысты жергілікті үкімет арнайы саясат қолданып отыр. Үрімжі қаласында бұрынғыдай қайнаған кешкі базарлар жоқ. Пышақ, балта секілді заттарды еркіңізше сатып ала алмайсыз. Сатып алған жергілікті тұрғындарға өз суретін қалдыруға, тіптен сол затқа атын ойдырып жаздыруға міндеттелген. Кейбір діни есімдерді де қоюға тиым салынған.

Ішкі Қытай – тыныш әрі қайнаған сауда мен өнеркәсіп орталығы

Қытайдың оңтүстік теңіз жағалауы үлкен өндіріс аймағына айналған. Еуропалық стандартқа сай жұмыс жасайтын зауыттар мен сауда орталықтары шоғырландырылған әрі ұқсас өнімдерді шығаратын зауыттар өзара ортақ базар үшін бірігіп, жұмыс жасайды. Сол себепті, тек қана аяқ-киім, қалам-қарындаш, бұл-мата шығаратын арнаулы өнеркәсіп аймақтары қалыптасқан. Әдетте көптеген шетел зауыттары өз заттарын Қытайдағы зауыттарда жасатып, таратады.

Әлемге әйгілі кешкі базарлар

Қай қаласына барсаңызда тынымсыз еңбектенген жұртты көресіз. Күн батып, ел жұмыстан қайтқанда кешкі базар басталады. Тап көшенің ортасында басталатын кешкі базарда киім-кешектен тыс түрлі ас мәзірлері де шығарылады. Мұнда көбінесе қосымша табыс тапқысы келген қызметкерлер шығады. Қытайда түгел дерлік қала, шағын аудандарға дейін кешкі базар жұмыс істейді. Кей қалаларда сауда таңға дейін жалғасады.


Кешкі базардағы асханалар.

Кешкі базардағы асханалар / Сурет baidu.com сайтынан алынды


Оқу арзан, емделу қымбат

Соңғы кездері Қытайға барып оқитындар көбейген. Әсіресе, жастар. Бейресми дерек бойынша Бейжіңде оқитын қазақстандықтардың саны екі мыңнан асқан. Міне, бұл біздің ел үшін үлкен байланыс екенін түсінуге болды. Қытайдың тағы бір ең керекті саласы – қытай медицинасы. Әсіресе тибет медицинасымен ұштастырылған сауықтыру орталықтары өте жоғары дәрежеде қызмет көрсетеді.


От инемен емдеу.

От инемен емдеу / Сурет baidu.com сайтынан алынды


Идеалогилық тәрбие мен спортты коммунистік партия мықты ұстайды

Барлық үкіметтік мекемелерден бастап әр корпорцияларға дейін таңғы ту шығару салтына қатысады. Бірігіп жаттығулар жасайды. Әсіресе білім орындарында таңертеңгілік жаттығудан тыс күнделікті жасалатын сабақ аралық жаттығулар бар.


Алтайдағы қазақ мектептері қаражорға биінің негізінде жасаған гимнастиканы пайдаланады.

Алтайдағы қазақ мектептері қаражорға биі негізінде жасаған гимнастиканы жасайды / Алтай жаңалықтары сайтынана алынды



Сабақ кезіндегі көз гимнастикасы

Сабақ кезіндегі көз гимнастикасы / Шинхуа агенттігі сайтынан алынды

Қарттар да әр күні тәңертеңгілік машық жасауға әдеттенген

Қарттар да әр күні таңертеңгілік жаттығу жасауды әдетке айналдырған / Байду сайтынан алынды


Қытайдағы қандастарымыз қазақстандықтарды қатты құрметтейді

Егер жолыңыз түсіп, қазақтар шоғырланған жерге барсаңыз, бағыңыздың жанғаны. Қонақ үйге жатқызбайды, әр күні қонаққа шақырады. Әңгімеге де қарық боласыз, шамаларының келгенінше көмектесуге тырысады. Қандастарымыз өз ата жұрттарына деген құрметі мен махаббатын осылай білдіріп қалады. Оның үстіне көшпелі халықтың дархандығы қашанда шексіз болады ғой.


Баркөл ауданы қазақ этнографиялық муражайы әлемдегі қазақтың көне жәдігерлері ең көп жинақталған мұражайлардың бірі

Баркөл ауданы, қазақ этнографиялық мұражайы–– әлемдегі қазақтың көне жәдігерлері ең көп жинақталған мұражайлардың бірі / baidu.com сайтынан алынды


Мың естігеннен бір көрген артық

Қытай – көп әрі өте еңбекшіл. Олар үшін ақша мен дұрыс өмір болса жарайды. Сол үшін бәрінен аянбайтын халық. Сондықтан біздің жан саны аз еліміз үшін қорқынышты көрші екені белгілі. Алайда әлемнің алып экономикасын құрған елге барып үйренеріміз де, көреріміз де көп. Үйренген, түйген нәрселерімізді пайдаланып, өз экономикалық санамызды,көзқарасымызды тұтынушылықтан өндірушілікке жетелеуіміз керек.

Желкеңізден тартып, ұйқы басса, күндеріңіз бір қалыпты мәнсізденсе Қытайға барып қайтыңыз. Жақсы мен жаманды, еңбек пен дамуды көресіз, түйесіз, тітіркенесіз, санаңызға жаңа таным орнайды.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары