Тікелей эфир

Мұражай басшысы болып тағайындалған экс-министр 172 мың теңге жалақы алатынын жайып салды. Жаңалықтарға шолу

Жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасау басталады. Елімізде тұрғын үй бағасы қымбаттады.

Суға түсу маусымы басталғалы Қазақстанда 126 адам суға кетті

Оның 57-сі бала. Балалардың басым бөлігі Ақмола облысында суға батқан. Төтенше жағдайлар комитетінің басшысы В.Беккер аптап ыстық басталғалы бері 1 күнде 10 төтенше жағдай тіркеліп отырғанын мәлімдеді. Айтуынша, адамдар суға түсуге тыйым салынған аумақтарда шомылуын қояр емес. Ата-анасының қарауынсыз қалған балалар арық- каналдарға түсіп кету жиілеген.

Мұражай директорлығына тағайындалған бұрынғы министрдің айлығы қанша?

Арыстан Мұхамедиұлы желідегі жұрттың "Жаңа қызметінде 3 млн теңге жалақы алады" деп, жарыса жазған ақпаратын жоққа шығарды. "3 млн теңге көлеміндегі еңбекақы деген жалған. Мұндай шындыққа жанаспайтын ақпаратты тарату кімге пайда әкелетінін білмеймін, fake news қолдан жасалғанына күмәнім жоқ. Тым асыра сілтепті, басқа не айтуға болады"деп жазды экс министр өзінің Facebook-тегі парақшасында.

А.Мұхамедиұлы "министр қызметін атқарғанда жалақым 980 мың болды" деп шынын айтып қойды. Ағынан ақтарылған Арыстан мырза Ұлттық мұражай директоры лауазымында өзіне 172 436 теңге есептеліп, қолына 139 673 теңге тиетінін жария етті.

Жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасау басталады

Азаматтарға салықтық рақымшылық жасауды көздейтін заң осы жылдың 16 шілдесінде күшіне енеді. Оған сәйкес салық бойынша қарызы бар қазақстандықтардың негізгі қарыздары өтелген жағдайда өсімпұлдары кешіріледі. Қаржы вице-министрі Қанат Байеділовтың айтуынша, өсімпұлдар бойынша борышты есептен шығарудағы басты критерий – осы.

2019 жылдың басында салық бойынша 1,4 млн адам берешек болған. Олардың басым бөлігі Шымкенте – 148 мың, одан соң Түркістан облысында – 139 мың, үшінші орында Жамбыл облысы – 116 мың. Төртінші орынды 114 мың адаммен Астана тұйықтайды. Салықтар бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасы биылғы жылдың 1-ші қаңтарында 20,9 млрд теңгені құраған. Оның 6,6 млрд-ы өсімпұл. Салықтық рақымшылық шарасы жыл соңына дейін жалғасады.

Сот шешімдерінің сапасын арттыру қажет

Президент Қ.Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асановты қабылағанда осылай деді. Ж.Асанов Азаматтық процессуалдық кодексті одан әрі жаңғыртуға бағытталған заң жобаларының дайындығы және жаңа әкімшілік әділет институтын енгізу жөнінде Президентке есеп берді. Мемлекет басшысы сот төрағасына азаматтардың өтініштерін мұқият әрі әділетті қарау қажеттігін айтты. Президенттің пікірінше, судьялардың құзіреті мен оларды іріктеу тетіктерінің ашықтығын қамтамасыз ету керек.

Үкімет Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін алтынға ауыстыруды ұсынды

Ұлттық қор қаржыларын қалыптастыру және пайдалану бойынша жаңа тұжырымдама жобасын Үкімет Президенттің қарауына енгізді. Ұлттық банктің түсіндірме жазбасында жарлық жобасы қор активтерін әртараптандыру үшін әзірленгені айтылған.

Ұлттық қордың портфелін алтынмен толтыру үшін Ұлттық банктің алтын-валюта қорынан алтындарды сату жоспарланған.

Жыл басынан бері сотталғандардың төрттен бірі ғана бас бостандығынан айырылған

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов осылай деп мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, прокурорлардың араласуымен 2800 жұмысшының құқы қорғалып, оларға 800 млн теңгенің жалақысы өндіріліп берілген. Электр, жылу қуатының тарифтері төмендетіліп, тұтынушылардың 30 млрд теңге шығынының орны толтырылған. Құзырлы органның құрығымен мемлекетке пайдаланылмай тұрған 11 мың жер учаскесі кері қайтарылған.

Бас прокурор ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері сотталған 13 622 адамның 3289-ы ғана бас бостандығынан айырылған. Прокурорлар бұл ретте қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру криминалдық жағдайды ушықтырмағанын атап өтті. Қылмыс деңгейі керісінше 12%-ға төмендеген.

Kaspi.kz бұрынғы қызметкері туралы ақпарат берген адамға 10 млн теңге сыйақы ұсынады

Павлодар қаласында Kaspi Bank-тің бұрынғы қызметкері Руслан Сексембаев банк клиенттеріне кепілдегі жылжымайтын мүлікті сатып алуға көмектесемін деген уәде беріп, өзінің шотына қаражат аудартып отырған. Банк алаяқтың қазір жүрген жері туралы ақпарат берген адамға 10 млн теңге сыйақы ұсынатынын хабарлады. Банк өкілдері күдікті туралы деректерді +7 705 211 16 93 телефон нөмірі арқылы Kaspi-дің қауіпсіздік қызметіне хабарлауға болады. Бұрынғы қызметкерінен жапа шеккен басқа да адамдарға арызымен Павлодардың құқық қорғау органдарына жүгіну керектігі де айтылды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Демалыс күндері Қазақстанда ауа райы қандай болады? Республиканың көп облыстарындағы ең жоғары ауа температурасы 35...40°С айналасында болады. Оңтүстік өңірлерде бұдан да ыстық болып, күндізгі ауа температурасы 40...45°С-қа дейін көтерілуі мүмкін. Шығыста аздап салқындау болады, жекелеген аудандарда жаңбыр себелеп өтіп, күндізгі ауа температурасы 25 до 35°С аралығында болады. Қазақстанның батысында да кей аудандарда жаңбыр себелеп өтіп, найзағай ойнауы мүмкін, ыстық аздап басылады.

24.kz: Қазақстанда тұрғын үй бағасы қымбаттады. Маусым айында тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа құны 282530 теңгеге бағаланды. Бұл өткен жылдың соңғы аймен салыстырғанда 2,4% қымбат. Мәліметтерге қарағанда, жер үйлер 0,6%-ке, көп қабатты үйдегі пәтерлер 0,5%-ке қымбаттаған. Қазақстан бойынша орташа бағаны шығаруға Алматы, Шымкент және Семей қалалары мен облыс орталықтарындағы жылжымайтын мүлікпен айналысатын ұйымдардың ақпараты сараланған. Дегенмен, тұрғын үй нарығында белсенділік байқалады. Маусым айында елімізде үйді алу немесе сату туралы 29500 келісім жасалды. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда 7,4%-ке артық.

Qamshy.kz: Нұр-Сұлтанда көп балалы аналар тағы да наразылық білдірді. Әлеуметтік көмек пен баспана сұрап жатқан 30 шақты ананы Ақордаға беттеген сәтте полиция қоршап алды. Нұрлыжол гүлзарында "Бізге баспана керек!" деп ұрандаған қауым Тоқаевтың келуін талап етті. Наразы топқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова келді. Ол әйелдерді ішке кіріп, проблемаларды тақылауға шақырды.

– Баспанаға кіру үшін бірнеше бағдарлама бар. Сондықтан, біз аналарға өзіміз талап етіп отырған залға кіруді өтіндік, онда әкімнің орынбасары келіп отыр. Олар сұрақтардың бәріне жауап береді, – деді Светлана Жақыпова.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары