Тікелей эфир

Міндетті медициналық сақтандыру: 2020 жылы не өзгереді?

Informburo.kz иллюстрациясы
Informburo.kz иллюстрациясы
Informburo.kz тегін медициналық көмек пен келер жылдан бастап енгізілетін медициналық сақтандыру туралы не білу керектігін айтып береді.

18 маусымда Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов Үкіметте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтердің жаңа пакеттерімен таныстырды. Үш деңгейге бөлінетін жүйе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі.

Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру: ең маңызды 33 сұраққа жауап

Informburo.kz "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" АҚ-мен бірге 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап не өзгеретінін түсіндіреді: медициналық көмекті кімнің тегін алу құқы бар, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне не кіреді, жарна төлегендерге көрсетілетін қызметтер несімен ерекшеленеді?

№1. Қандай қызмет тегін көрсетіледі?

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне шұғыл көрсетілетін қызметтердің бәрі жатады:

  • Жедел жәрдем;
  • Санитарлық авиация;
  • Созылмалы ауруы барларды бақылау;
  • Шұғыл көрсеткіштер бойынша стационарлық көмектің орнына көрсетілетін қызметтер.

Бұл бәріне тиісті. Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша жұрттың бәрі бірдей емханаға жүгініп, стационарда емделе алады, диагностикадан өтеді. Оған төмендегі әлеуметтік-маңызы бар ауруларды емдеу де кіреді:

  • Туберкулёз;
  • СПИД;
  • Созылмалы вирусты гепатиттер және бауыр циррозы;
  • Қатерлі ісіктер;
  • Қант диабеті;
  • Психикалық бұзылулар, мінез-құлық бұзылулары;
  • Церебралды сал ауруы;
  • Миокард инфаркті (алғашқы 6 ай);
  • Ревматизм;
  • Дәнекер тіндердің жүйелі зақымдануы;
  • Нерв жүйесінің дегенеративті аурулары;
  • Орталық нерв жүйесінің демиелинизді аурулары;
  • Орфандық аурулар.

Медициналық оңалту тек туберкулезбен ауырғандарға, ал паллиативтік көмек керек жандардың бәріне көрсетіледі. Осы қағида созылмалы инфекциялық емес, сондай-ақ айналадағы адамдарға қауіп туғызатын инфекциялық ауруларға қолданылады:

  • ЖИТС;
  • Геморрагиялық қызба
  • Дифтерия;
  • Менингокок жұқпасы
  • Полиомиелит;
  • Мерез ауруы;
  • Алапес;
  • Безгек;
  • Түйнеме;
  • Туляремия;
  • Туберкулёз;
  • Тырысқақ;
  • Оба;
  • Іш сүзегі;
  • Вирусты гепатит;
  • Психикалық бұзылулар, мінез-құлық бұзылулары;

Барлық азаматтарға шұғыл медициналық көмектер көрсетіледі, оның ішінде терапевттің қабылдауы мен (созылмалы аурулар мен олардың асқынулары) салауатты өмір салты отбасын жоспарлау мәселелері бойынша кеңестері, сондай-ақ диагностикалық қызметтер кіреді. Міндетті медициналық сақтандыру

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне салалық мамандардың қабылдауы кірмейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатыспағандар олардың қабылдауына кіру үшін ақы төлеу керек болады. Бұл динамикалық бақылау жүргізбейтін созылмалы ауруы барларға да қатысты.

Оқи отырыңыз: Медициналық сақтандыру жарнасы сапалы ем алуға кепіл бола ма?

№2. Пациенттің қандай қызметті тегін ала алатынын қайдан білуге болады?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде көрсетілетін қызмет туралы барлық ақпараттарды төмендегілерден білуге болады:

  • Жалпы тәжірибедегі емдеуші дәрігеріңізден;
  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтынан;
  • 1414 бірыңғай байланыс орталығынан;
  • Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бұқарамен байланыс департаментінен.

Оқи отырыңыз: Туристерге медициналық сақтандыру полисін қалай таңдауға болады? Нұсқаулық

№3. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға қандай қызмет көрсетіледі?

Төмендегі медициналық көмектердің кеңейтілген көлемін пайдалануға құқық береді:

  • Консультативті-диагностикалық көмек, оның ішінде қымбат лабораториялық қызмет;
  • Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің үстінен амбулаториялық дәрілермен қамтамасыз ету;
  • Ауруханада емделу және жоспарлы стационарлық көмек;
  • Медициналық оңалту;
  • Қалпына келтіру кезеңінің соңғы сатысында емдеу;

– Кезек күттіретін медициналық зерттеу қызметінің көлемі: компьютерлік томографиядан өту, лабораториялық анализдер, полимеразалық тізбек реакция – біз бұларға қаржы жетіспеушілігінен шектеу қойғанбыз.Қажет болса енді медициналық сақтандырылған тұлғалардың бәрі осы зерттеулердің бәрін пайдалана алады.Бұл сақтандырылған тұлғаға зор мүмкіндік, – дейді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов.

Медициналық сақтандыру аясында консультативті-диагностикалық көмектер қатарына төмендегілер кіреді:

  • 18 жасқа дейінгі сау балалар мен ересектерді профилактикалық алдын ала тексеруден өткізу – жылына 1 рет;
  • Стоматологиялық қызметтер (18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектер, зейнеткерлер мен көп балалы аналар);
  • Салалық мамандардың қабылдауы мен кеңесі;
  • Динамикалық бақылау жүргізуге жатпайтын созылмалы ауруы барлардың салалық мамандарға қаралуы;
  • Лабораториялық диагностика, соның ішінде қымбат қызметтер.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Обязательное медицинское страхование: что изменится в 2020 году?

№4. Жеке клиникаларға жүгінуге бола ма?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде мемлекеттік, сонымен бірге жеке клиникаларда емделуге болады. Ол үшін клиника міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісім-шартқа отырған болуы тиіс. 2019 жылы мемлекетік тапсырыс аясында 1416 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетіп жатыр, оның 708-і – жеке клиника. Олардың тізімін мына жерден көруге болады.

Емханаға тек қана egov.kz порталы арқылы тіркелуге болады. Әуелі сайтқа тіркелу керек. Содан соң "Денсаулық сақтау" бөлімін таңдау керек, әрі қарай "Медициналық көмек – қызметтер", "Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу" – "Қызметке онлайн тапсырыс беру" батырмасын басу. Электронды форманы толтырып, сұраным жіберу. Пациент емханаға бір күнде тіркеледі.

Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау бойынша арнайы кодекс әзірленді. Дәрігерлерге 30% үстемақы қосылады

№5. Медициналық сақтандыру қорына қаражатты кім, қанша көлемде құяды?

Қазір жарнаны жұмыс беруші аударып отыр. Сомасы жалақы көлемінің 1,5%-ын құрайды. 2020 жылы бұл сома 2%-ға көбейеді. 2020 жылдан бастап жұмысшыларға 1 пайыз көлеміндегі жарнаны табысынан төлету жоспарланып отыр. Алайда бұны олар өз бетімен төлемейді – жұмыс беруші айлығынан ұстап қалады да, қорға аударады. Алға қарай жұмысшының жарнасы табысының 2 пайызға дейін ұлғаяды.

– Иә, біз аударымдардың көп болғанын қалаймыз, өйткені денсаулық сақтау жүйесін көтеру керек. Жұмыс берушілер мен мемлекетке түсетін салмақты ескере отырып, заң бойынша 1 пайыздан жоғарыға көтерілу жүйесі бекітілді. Бұл ретте жұмыс берушінің 2023 жылға қарай ең жоғары көлемде аударым жасайтын сомасы жұмысшының табысының 3 пайызы болмақ, – дейді Ерік Байжүнісов.

Ал азаматтардың төмендегі 15 санатына (шамамен 11 млн адам) қорға жарнаны мемлекет аударады:

  • Балалар;
  • Ресми тіркелген жұмыссыздар;
  • Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
  • Баласы үш жасқа толғанша оны тәрбиелеуіне байланысты уақытша жұмыс істемей отырған баланың заңды өкілдерінің бірі;
  • Жүктілік және тууға байланысты, жаңа туған баланы асырап алуына, сондай-ақ бала үш жасқа толғанша баланы күтуге байланысты уақытша демалыста отырған баланың заңды өкілдерінің бірі;
  • Мүгедек баланы бағып отырған жұмыс істемейтін азаматтар;
  • Бала кезінен бастап І топтағы мүгедек баланы бағып отырған жұмыс істемейтіндер;
  • Зейнетақы төлемдерін алушылар, соның ішінде ҰОС қатысқандар мен мүгедектер;
  • Қылмыстық атқаоу жүйесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар;
  • Тергеу изоляторында отырған бас бостандығынан айырылғандар;
  • Жұмыс істемейтін оралмандар;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" немесе "Батыр ана" атағын алғандар, сонымен бірге І және ІІ деңгейдегі Ана даңқы орденінің иегерлер;
  • Мүгедектер;
  • Орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары, сонымен қатар ЖОО кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын тұлғалар;
  • Атаулы әлеуметтік көмекті алатын жұмыс істемейтіндер;

№6. Қазақстанда не үшін медициналық сақтандыру енгізіліп жатыр?

Басты себеп – дағдылы жағдайда денсаулық сақтау жүйесінің жеткілікті тұрғыда қаржыландырылмауы. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің қазіргі үлгісі медициналық қызметті халыққа қанағаттанарлықсыз көлемде көрсетіп отыр.

"Сарапшылардың есебі бойынша, 972 млрд теңге көлемінде қаржыландыру кезінде қазақстандықтардың қалтасынан шығатын қаржы есебінен денсаулық сақтау саласының көлеңкелі үлесі 680 млрд теңгені құрайды. Бұл 40 пайыздан жоғары. Бұған адамдардың өзі жүргізетін барлық төлемдер жатқызылады: аспирин, дәке, ауруханада тамақ, шприцтер сатып алу жатады. Мұндай жағдай халықаралық тәжірибеде тиімсіз саналады. Бюджеттің жетпеген бөлігі азаматтардың өз қаржылары есебінен толтырылады" деп түсіндірді Ерік Байжүнісов.

Әлеуметтік медициналық сақтандырудың принципі – бюджет қаржысын ғана емес, қазақстандықтардың жарнасын тарту. Бұл қаражаттар клиенттерге қызмет көрсету үшін медициналық ұйымдарға барады. Сапа көтерілген сайын пациенттер де, сәйкесінше қаржы көтеріледі.

Бағдарлама басталғанда Медициналық сақтандыру қорына 1,5 трлн теңге түседі деп күтіліп отыр. Негізінен жұмысшыларын сақтандырған жұмыс берушілердің жарнасы мен мемлекеттің қаржыландыруы.

Авторы Жадыра Жұлмұхаметова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары