Тікелей эфир

Митинг туралы жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Жаңалықтарға шолу

"Бизнеске арналған Үкімет" келер жылдан бастап іске қосылады. Проблемалық кредиттер қоры 222 мүлкін сатуға шығарады.

Атырауда компания директоры 3 млрд теңгенің мұнай өнімдерін заңсыз сатқан

Облыстық көлік прокуратурасы бір жылдан астам уақыт бойы дизельді отын мен мазутты заңсыз сатып келген "ЮконСтройИнвест" ЖШС директорының қызметіне тосқауыл қойды. "Компания жетекшісі 2017-2018 жылдарда бұл өнімдерді ешқандай да құжатсыз өткізіп отырған. Негізінен өнімдер Қарағанды мен Ақтөбенің аумағында сатылған" деп хабарлады Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Қылмысы ашылған компания басшысын Жылой аудандық соты 5 жылға бас бостандынан айырды. Атырау облыстық сотының аппеляциялық алқасы 10-шы қыркүйекте сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

"Бизнеске арналған Үкімет" келер жылдан бастап жұмыс істейді

Кәсіпкерлерге қызмет көрсететін 34 мемлекеттік органның жұмысын біріктіретін бірыңғай сервис 2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап іске қосылады. Онлайн және офлайн форматта жұмыс істейтін жаңа жүйеде бизнеске 500-дей қызмет, 100-ден астам қолдау шаралары көрсетіледі.

Бұдан бөлек, отандық кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсету үшін шетелдерде Қазақстанның 7 өкілдігі ашылады.

Журналистерге қарсы жасалған қылмыстар тиісті түрде тергелмейді

Журналистерді өлтіруге қатысты 10 оқиғаның біреуінде ғана қылмыскерді айыптау үкімі шығарылады. Біріккен ұлттар ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш осылай деп мәлімдеді.

2017 жылдың қаңтарынан бастап 2019 жылдың маусымына дейін 207 журналист өлтірілген. Оның 117-сі бейбіт елде болған жағдай. Соңғы уақытта журналистерге күш көрсету, ізін аңду, қамау фактілері жиілеген. БҰҰ Бас хатшысы журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаза қолданбау мәселесіне байланысты іс-әрекеттер жоспары қабылданғанын хабарлады.

Ұлттық экономика министрлігі банкроттық рәсімін екі есеге жеделдетуді ұсынды

Бизнестің белгілі бір санаттарына мерзімдер градациясын енгізе отырып рәсімін 9 айдан 4 айға қысқарту ұсынылды. Дебитор төлеуге шамасы келмегенде, ал кредитор банкроттық туралы сотқа өтінім берген кезден бастап банкроттық рәсімін 3 айдан 2 айға азайту енгізілмек. Бұл туралы "Бизнес ахуалды жақсарту мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында жазылған.

Сарапшылар төлемге қабілетсіз команияларды нарықтан шығару дұрыс дейді, алайда Ұлттық экономика министрлігі ұсынған шара айтарлықтай тиімділігін бермеуі мүмкін деп есептейді.

Алматыда митинг туралы жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр

Құжатқа "Қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның" директоры Евгений Жовтистің жобасы негізге алынған. Заң жобасын арнайы құрылған комиссия әлі талқылап жатыр. Комиссия құрамына Жеміс Тұрмағамбетова, Әлнұр Ілиясов, полиция, қалалық әкімдік пен прокуратура, сондай-ақ басқа да қоғам қайраткерлері кірген. Заң жобасы дайын болған соң Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне тапсырылады.

Қазақстан Қытай арқылы Оңтүстік Шығыс Азияға көмір тасымалдайды

Бұл туралы тараптар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай халық республикасына сапары барысында келісті. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Склярдың сөзінше, Ляньюнган порты арқылы Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне жыл сайын 2 млн тоннадай Қазақстан көмірін тасымалдау туралы алдын ала келісімге қол қойылған.

Р.Скляр қазір көмірдің бұл аймаққа транссібірлік тораппен Ресейдің шығыс порты арқылы тасымалданып жатқанын жеткізді. Алайда бұлардың өткізу мүмкіндігі шектеулі дейді министр.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Проблемалық кредиттер қоры 222 мүлкін сатуға шығарады. Оның 125-і жер телімі, 62-сі коммерциялық және 35-і жылжымайтын тұрғын-жай мүлкі. Қордың сатылатын жер телімдерін, жылжымайтын тұрғын-жай мен коммерциялық жылжымайтын мүліктерін заңды тұлғалармен қатар еліміздің азаматтары да сатып ала алады. Сатылатын мүлік Қазақстанның барлық аймақтарында, яғни қалалармен қатар ауыл аймақтарында орналасқан. Саудаға қойылған нысанның көбі Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Baq.kz: Әлемдегі ең "лас" валюталардың тізімі анықталды. Түркия, Германия және Нидерландының ғалымдары қай елдің банкноттарында бактериялар жиі таралатынын анықтады. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес ең лас валюта румыниялық лей екені белгілі болды. Бұдан бөлек, бактериялар америкалық және канадалық долларларда, сондай-ақ индиялық рупийлерде көптеп кездесетін көрінеді. Румыния валютасының лас ақша рейтингісінде бірінші орынға табан тіреуінің өзіндік себебі бар. Румыниялық лей ұзақ уақыт ақша айналымында жүруі үшін және қолдан жасап шығару фактілерін болдырмау үшін банкнотты жасаған кезде оның құрамына полимерлерді қосады.

24.kz: "FlyArystan": келер жылы Ақтөбе – Нұр-Сұлтан рейсі іске қосылады. Қазақстанның батысындағы қалаларға бару үшін билет – 5 мың теңгеден, Нұр-Сұлтан, Қарағандыға – 7 мың теңгеден басталады. Алдағы уақытта Қызылорда, Шымкент, Атырау, Ақтау бағыты қосылады. Халықаралық рейстің алғашқысы Мәскеуге жоспарланған. Сонымен қатар тізімде Тбилиси, Шарджа, Анталия, Ыстанбұл бар. Ішкі рейстерге алғашқы билет осы жылдың соңында сатылады.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары