Тікелей эфир

Мереке алдындағы мәжіліс: Нығматулин журналистерді 8 наурыз мерекесімен қалай құттықтады?

Суретті мәжілістің баспасөз қызметі ұсынды
Суретті мәжілістің баспасөз қызметі ұсынды
Мәжілістің бүгінгі отырысы журналист қыз-келіншектер үшін құшақ-құшақ гүлден басталды. Ал, депутаттар мен баяндаушы министрлерге әдеттегі жұмыс күн.

Нұрлан Нығматулин дәстүрді бұзды

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінің алдындағы мәжіліс отырысын төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулин әдетте құттықтау сөзімен бастайтын. Ол жылда депутат әйелдерді құттықтай келе, парламенттің дамуына қосқан үлестерін айтып, мақтап, мерекелік көңіл күй сылайтын еді. Биыл Нығматулин дәстүрді бұзды: отырысты бастағанда да, жапқанда да құттықтау сөз айтқан жоқ. Бірақ, әрине, мерекеге дейін әлі екі күн уақыт бар, депутат қыз-келіншектерге Нығматулиннің назары түсетініне сенімдіміз.


Мәжіліс отырысынан ақпарат тарататын журналистер

Мәжіліс отырысынан ақпарат тарататын журналистер / Сурет автордікі


Есесіне, мәжілістің баспасөз қызметкерлерінен құрылған команда таңертең тілшілерді әдемі гүлмен, арнайы ашық хаттармен қарсы алды. Парламенттің жұмысын үзбей жазып, сәрсенбі сайынғы отырыстардан қалмайтын журналист қыз-келіншектерге Нұрлан Нығматулин өзінің құттықтау хаты мен қызғалдақ гүлдерді жолдаған.

Күн тәртібіндегі үш мәселе: Қытайдан қанша қарыз аламыз?

Отырыс бастала сала, журналистер мерекелік көңіл-күйді ысырып қойып, бұрынғыдай жұмыстарына кірісті. Бүгінгі отырыстың күн тәртібінде үш мәселе талқыланды. Қысқаша айтсақ:

  • "Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметтерінің арасындағы өтеусіз әскери техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы" Заң жобасына қортынды әзірлеу;
  • Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасына жеңілдікпен несие беруі туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы;
  • 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобасы.

Бірінші мәселе бойынша Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Бірнеше минут ішінде қаралған бұл мәселе бойынша депутаттар "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы" ҚР Заң жобасы бойынша қорытынды әзірленсін деген шешімге тоқтады.

Әлихан Смайылов Қытайдан қанша қарыз алатынымызды айтты

Қаржы министрі Әлихан Смайылов бүгін мәжіліске Қытайдың Эксим банкінен қарыз тарту жөніндегі келісімді ратифицикалау туралы заң жобасын таныстыра келді. Қазақстанның Қытайдан сұрап отырған қарыз сомасы 2 млрд 65 млн юань. Теңгеге шаққанда 100 млрд теңгеден сәл асатын қаржы.

– Бұл қарызды 20 жылға 2 пайызбен алғалы отырмыз. Алдыңғы бес жыл қарыздың пайызын төлейміз, қалған он бес жыл негізгі қарызды төлейміз. Айтарлықтай жеңілдікпен берілген қарыз. Бұл ақша 10 өткізу бекеті, оның ішінде 9 автокөлік және 1 теміржол өткізу пунктін жаңғыртуға бағытталған. Олар – Қытаймен, Өзбекстан және Түрікменстанмен арадағы шекараларда орналасқан өткізу пунктері, – деді журналистердің сұрағына жауап берген Қаржы министрі.

"Бұған дейін Қытайдан несие алдық па, алған болсақ, қандай сомада?" деген сұраққа Смайылов: "Мемлекет тарапынан Қытайдан кредит алынған жоқ. Бірақ бізде Қаржы министрлігінің берілген кепілдіктері бар – 1 млрд 200 млн АҚШ доллары сомасында кепілдік қалып отыр. Ол көбінесе жолдарға, Астана қаласының жолдарына бағытталған кредиттер. Басқа органдардың ішінен "ҚазАвтожол" мен әкімдік алып отыр", деп хабарлады.

Өзінің баяндамасын аяқтағаннан кейін жарты сағаттай депутаттардың сұрағына жауап берген Әлихан Смайыловты журналистер Мәжілістің кіре беріс есігіне дейін "шығарып" салды.


Әлихан Смайылов журналистермен бірге

Әлихан Смайылов журналистермен бірге / Сурет автордікі


Смайыловтың ақпаратына сүйенсек, қазір біздің кеден өткізу пункттерінің, нақтырақ айтсақ, 9 автокөлік пунктінің өткізу қабілеттілігі тәулігіне 450 ғана машина.

– Қытайдан қарыз алып, өткізу пункттерін қайта жөндесек, тәулігіне 5400 машина шекарадан өте алады, – деп сендірді Смайылов.

Нығматулин Жұмағалиевке: – Министрлермен кешкі кездесуде жұмысты талқылаңыздар

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған Цирфлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев әрине депутаттар алдында әдемі баяндама жасады. Ал, отырыс соңында журналистер қойған бір де бір сұраққа нақты жауап берген жоқ.

Тіпті, депутаттар сұрақ қойғанда да сөзінен жаңылып, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннен де ескерту алды.

Мәселен, депутат Бақытбек Смағұл министрге:

– Мемлекет басшысы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру жөніндегі өзінің жолдауында халықтың әлеуметтік көңіл-күйін қалыптастыратын маңызды құрауыштар ретінде білім беру және медициналық қызметтерге ерекше мән берді. Алайда, хаттамада Байқоңыр қаласы аумағында жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының тізбесінде білім беру және денсаулық сақтау бөлімдерін құру көзделмеген. Бұл ретте Байқоңыр қаласындағы халықтың 50 пайызға жуығы жергілікті тұрғындар екені белгілі. Осыған байланысты айтыңызшы, осы көрсетілетін қызметтерге халықтың қолжетуін жақсарту, олардың сапасын жақсарту мақсатында аталған бөлімдерді құру жоспарланып отыр ма? – деп нақты сұрақ қойды. Енді бұған Жұмағалиевтің жауабын оқып көріңіз.

– Қазіргі таңда бүгін қолданған хаттама күшіне енгеннен кейін мемлекеттік органдарға өз бөлімдерін ашуға болмайды. Сіз дұрыс айтасыз, қазіргі таңда денсаулық сақтау жән білім беру министрліктердің бөлімшелері Байқоңыр қаласында жұмыс істемейді. Өйткені қазіргі таңда министрліктерден ұсыныс келіп түскен жоқ. Бірақ болашақта солардың тарапынан ұсыныстар түскен соң, хаттамаға сәйкес солардың бөлімшелерін ашуға мүмкіндік бар деп айтуға болады, – деді Жұмағалиев. (Министрдің шала қазақша айтылған жауабы редакцияланды – авт).

Министрден нақты жауап естімеген Нығматулин: -Қай министрліктен ұсыныс күтіп отырсыз?.

Жұмағалиев:

– Білім және денсаулық сақтау министрліктерінен.

Нығматулин:

– Енді ол екі министрлік те Үкімет те бар емес пе!? Бір кеште кездесіп, сол шешімді қабылдауымыз керек. Депутаттың сұрағында елу пайыз дедіңіз ғой, елу пайыз қазақстандықтарға не денсаулық сақтау бөлімі жоқ, не білім беруі жоқ. Ертең балаларды қай мектепке апарады, қай емханаға барады?Ал сіз министрліктерден ұсыныс жоқ дейсіз. Оны тоспай, бір үкіметте үш министрлік бас қосып, бір келісімге келуіміз керек. Асқар Қуанышұлы, келістік қой?

Жұмағалиев:

– Айтқаныңыздай, кешке кездесіп, бір шешімге келеміз (күлді).

Нығматулин:

– Кешке жақын солармен кездескенде, осы мәселе туралы ұмытпаңыз. Кім біледі (не айтатындарыңызды). Депутаттар бұл диалогты қалжың деп түсінді ме, күлкіге қарық болды.

Әлтаев әйелдердің мәселесін енді байқап жатыр

Асқар Жұмағалиевтің баяндамасынан кейін депутаттық сауал басталды. Он бес шақты сауалдың көбі орысша қойылды. Ассамблея атынан сайланған депутат Сауытбек Әбдірахманов мал ұрылары туралы сауалды қазақша жолдаса, су жаңа депутат Нұржан Әлтаевтың сауалы Нығматулиннің назарын аударды.


Нұржан Әлтаев депутаттық сауалын жолдап отыр

Нұржан Әлтаев депутаттық сауалын жолдап отыр / Суретті мәжілістің баспасөз қызметі ұсынды


Жуырда ғана Парламентке келген, оған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаев бүгінгі отырыста кәсіпкер әйелдердің мәселесін көтерді.

Оның айтуынша, "тоқсаныншы жылдардағы дағдарыста ерлер диванда жатып, нарық пен кәсіптің не екенін түсіне алмай жатқанда, әйелдер базарға шығып, кәсіп ашқан".

– Шындығына келгенде, Қазақстандағы шағын және орта бизнесті бастап, аяққа тұрғызған әйелдер.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген 62 млрд теңгенің тек 20 пайызы ғана кәсіпкер әйелдерге тиеді екен. Бұл жерде гендерлік теңдік те бұзылып отыр. Ауылда 45 мыңнан аса әйел айран-сүтін сатып, өзін өзі жұмыспен қамтып отыр. 38 мың әйел несие алып жұмысын бастауға дайын. Сондықтан, 62 млрд теңгенің жартысы әйелдерге арналуы керек. Әсіресе, ауыл әйелдеріне, – деді депутат Үкіметке арнаған депутаттық сауалында.

Әлтаевтың депутаттық сауалын тыңдаған төраға Нұрлан Нығматулин жымиып:

– Министрлікте жүргенде бұл мәселені көрмей, депутат болғанда көріп отырсыз ба? – деді. Нұржан Әлтаев ақырын ғана "кәсіпкер әйелдер көп шағымданатын болды" деп қысқа жауап берді.

Сауал қою аяқтала сала, Нығматулин бүгінгі отырысты жабық деп жариялады да, депутаттар тез-тез тарап кетті.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары