Тікелей эфир

Медициналық сақтандыру қорында 562 млрд теңге жиналды. Оның бестен бірі – алматылықтардың үлесі

Алматылықтар Медициналық сақтандыру қорына 105,5 млрд теңгеден астам жарна аударған.

Медициналық сақтандыру қорына МӘМС жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1-шілдесінен бастап биылғы 15-наурызға дейінгі аралықта 562,8 млрд теңгеге жуық қаржы жинақталды. Соның бестен бірін бір ғана – Алматы қаласы беріп отыр. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

"Жарна көлемі жағынан жинақталған соманың бестен бір бөлігі оңтүстік астанаға тиесілі. Жалпы, осы уақыт аралығында Алматы қаласынан 105,5 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 81,9 млрд теңгеден астамы – жұмыс берушілердің жасаған аударымдары. Қалған 23,6 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндердің жарнасы", – деді филиал басшысы.


Оқи отырыңыз: Міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру: ең маңызды 33 сұраққа жауап


Сондай-ақ, Алматы қаласы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтыған 198 мыңнан астам адам 412 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген.

2019 жылдың басынан бастап енгізілген БЖТ 4 түрлі төлемнен  құралған. Биыл БЖТ мөлшері:

  • қала тұрғындары үшін – 2 917 теңге;
  • ауыл тұрғындары үшін – 1 458 теңге.

Оның 40% – Медициналық сақтандыру қорына, 30% – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, 20% – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылса, 10% – табыс салығы ретінде ұсталады. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, такси жүргізушілері және басқалар төлей алады.


Оқи отырыңыз: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер. Маңызды 13 сұраққа жауап


Естеріңізге сала кетсек, сақтандыру жарнасы Ұлттық банктегі есепшотқа түседі. Әрі қарай МӘМС пакеті шеңберінде халыққа көрсетілген медициналық қызмет ақысы ретінде емдеу мекемелеріне аударылады.

"Медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмек және  сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтерге ақы төлейді. 2021 жылы Алматы қаласы бойынша 163 клиникамен 186,8 млрд теңгеге келісімшарт бекітілген. Оның 74,9 млрд теңгесі МӘМС пакетіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады", – деді Тілеухан Әбілдаев.

Қалған қаражат мемлекеттік тапсырыс шеңберінде атқарылатын тегін медициналық көмек пакетіндегі қызметтерге қарастырылған. Бұл пакеттегі медициналық қызметтер статусына қарамастан, еліміздің барлық азаматтарына тегін көрсетілуі тиіс.

Серіктестер жаңалықтары