Тікелей эфир

Medeu қонақ үй кешені 2022 жылы қалпына келтіріледі

Суретті жобаны әзірлеушілер ұсынды
Суретті жобаны әзірлеушілер ұсынды
Кешеннен 2040 жылға дейін мемлекеттік бюджетке 4,5 млрд теңге салық түседі деп күтілуде.

Медеудегі бұзылған қонақ үйдің орнына Medeu Park Hotel қонақ үй кешені бой көтермек. Жобаны әзірлеушілер құрылыстың қоршаған ортаға әсерін бағалаудың жобасы мен сараптамасын қоғамдық кеңес мүшелерімен мақұлдады. Кешен бұрынғы қонақ үйдің орнына тұрғызылады. Сондықтан, құрылысшылар бұзылған ғимараттың шекарасынан шықпайды. Дегенмен, құрылыс кезінде 20 тал кесіліп, 40 ағаш басқа орынға көшіріледі. Мердігерлер бұл шығынның орнын 15 есе толтыруға міндеттелді. Алматы Жасыл экономика басқармасы оларға қала аумағында ағаш отырғызатын жерлерді бөліп береді.

Қонақ үй кешені 3 қабаттан аспайды. Кешен аумағында:

  • 140 орынды стандарт және жартылай люкс санатындағы бөлмелер; 
  • 300 орынды мейрамхана;
  • 25 метрлк бассейн;
  • SPA орталығы;
  • конференц залдар болады.

Жобаны жасаған сәулетшілер, кешеннің экологиялық талаптарға сай келуін ескерген. Ғимарат табиғи материалдардан жасалып, таулы рельефті қайталайтын көрініс береді.


Оқи отырыңыз: Іле Алатауы ұлттық паркінде визит-орталық ашылды


Сонымен қатар, кешенде мүгедектерді тасымалдауға арналған орындар бөлінеді. Ғимарат ішінде мүмкіндігі шектулі жандардың кедергісіз қозғалысына жағдай жасалады. Сондай-ақ, аумақта шұғыл медициналық көмек көрсету пункті, велотұрақ, гаджеттерді зарядтау нүктелері, бейнебақылау және тамақтану нүктелері болады.

Жаңартылған қонақ үй кешені іске қосылғасын, "Медеу" мұз айдынына келетін туристердің, оның ішінде шетелдіктердің саны еселеп артады дейді жобаны жасаушылар. Олардың айтуынша, ерекше климатта орналасқан кешенге жаттығуға келетін спортшылар қазірдің өзінде көп. Енді қонақ үй кешені ашылса, олардың саны еселене түспек. Сондай-ақ, қонақ үй халықаралық жарыстарды өткізуге және Медеу даңқының жаңаруына ықпал етеді.

Medeu Park Hotel қонақ үй кешені ашылғасын, 150 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Ал, кешеннен 2040 жылға дейін мемлекеттік бюджетке 4,5 млрд теңге салық түседі деп күтілуде.

Серіктестер жаңалықтары